Кәсіпкер Рахымбаев сүт өнімдерінің денсаулыққа зияны туралы ескертті
BI Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев өзінің денсаулығына байланысты басынан өткен жайттармен бөлісті. Ол сүтті шайдың ағзаға тигізер зияны туралы айтып, Германияда жасатқан операциясын еске алды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Кәсіпкер бірнеше жыл бұрын жүгіру кезінде тізесінің қатты ауырғанын айтады. Медициналық тексеру нәтижесінде буындарында тұз жиналғаны анықталған. Кейін Германияда хирургиялық жолмен сол тұздан арылыпты.
«Дакар жарысына дайындық барысында Еуропадағы тамақтану институттарының біріне бардым. Сол жерде дәрігер қан талдау нәтижелерін қарап, күнделікті қанша сүт тұтынатынымды сұрады. Мен таңғы аста сүт қосылған ботқа жейтінімді, сүтпен жасалған коктейль мен шай ішетінімді айттым. Дәрігер сүттің құрамындағы лактозаның ересектерге зиян екенін түсіндіріп берді», – деді Рахымбаев.
Оның сөзінше, ересек адамдардың ағзасы лактозаны толықтай қорыта алмайды. Бұл зат глюкоза мен галактозаға бөлінгенімен, галактоза (яғни сүт қанты) толықтай ағзадан шықпай, буындарға жиналып, артрит пен тұздың жиналуына себеп болуы мүмкін.
«Бұрынғы буын сүттің пайдасы туралы көп айтатын, алайда жаңа ғылыми зерттеулерге сүйенсек, оның кері әсері көп. Бұл мәлімет мен үшін күтпеген жаңалық болды», – дейді кәсіпкер.
Айдын Рахымбаевтың айтуынша, жүргізілген зерттеулерге сәйкес, әлемнің әртүрлі аймақтарындағы егде жастағы адамдар үшін сүттің зиян екені анықталған. Әсіресе, Азия елдеріндегі қариялардың 90 пайызы лактозаны қорыта алмайды екен.
«Бұл дерек мені қатты ойландырып, өмір салтымды қайта қарауға итермеледі. Мұндай ақпаратты жақындарыңызға айтып, әсіресе үлкен кісілерге ескерткен жөн», – деп қорытты ол.