Семейде қой шаруашылығы бойынша халықаралық кеңес өтті: Абайда экспортты күшейтетін меморандумға қол қойылды
Бүгін Шәкәрім университетінде отандық қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға арналған халықаралық семинар-кеңес ұйымдастырылды. Жиында кооперация, мемлекеттік қолдау және инвестиция тарту тетіктері талқыланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Семинарға Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының президенті, академик Тілектес Есполов, өңірлік басқармалар мен шаруашылық өкілдері, профильді ғылыми-зерттеу институттарының мамандары және шетелдік сарапшылар қатысты. Күн тәртібінде ғылыми әзірлемелердің нәтижелері, заманауи технологиялар, халықаралық әріптестік және экспорт нарықтарына шығу жолдары қаралды.
Іс-шара қорытындысында Абай облысы әкімдігі, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясы және «Қазақ аграрлық өнеркәсіптік кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. Құжат агросекторды тұрақты дамыту, қолданбалы зерттеулерді күшейту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл міндеттер қой шаруашылығы өнімдерінің сапасын, бәсекеге қабілеттілігін және сыртқы нарыққа шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болмақ.
Берік Уәли жиынның өңір үшін маңызын атап өтті. «Ата кәсіп – төрт түлік жайын ғылыми тұрғыдан зерделеу қашан да өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкін емес» деп нақты бағдар берді. Бүгінгі басқосу тәжірибелі кәсіпкерлер мен білімді мамандардың ортақ алаңына айналып, қой шаруашылығын ғылыми негізде ілгерілетуге серпін береді», – деді өңір басшысы.
ҰҒА президенті Тілектес Есполов Абай облысының аграрлық әлеуетіне назар аударды. «Тарихи өлке – ұлы Абай елі Семейдің агроөнеркәсіптік мүмкіндігі зор. Егіншілік, мал шаруашылығы және өңдеу салалары қатар дамып келеді. Біз өңірдің бай әлеуетін әл-ауқат пен гүлденудің көзіне айналдыру үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек», – деді академик.
Шараға шетелдік сарапшылар да қосылды. Оман сұлтандығындағы «Atyab International Services» компаниясының техникалық қолдау маманы Сеид Кажа Арифуддин Қазақстанда халал стандарттары мен азық-түлік қауіпсіздігі протоколдарын енгізу тәжірибесін таныстырды. Ал Пәкістанның Файзалабад ауыл шаруашылығы университетінің профессоры Мұхаммед Камар Билал онлайн форматта өз еліндегі қой шаруашылығының моделін және тиімді практикаларын баяндады.
Абай облысында қой шаруашылығын жүйелі дамытуға басымдық беріліп отыр: асыл тұқымды малдың үлесі 25 пайызға жеткен. Жаңа Семей ауданының Шақаман ауылында ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешен құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған кезде аудандарда қосымша кооперативтер құрылып, өнімділік пен экспорттық әлеуеттің артуына жол ашылады.
Ресми статистикаға сәйкес, облыстағы қой саны республикадағы барлық ұсақ малдың шамамен 6 пайызын құрайды. Ел бойынша 22 миллионнан астам қой болса, соның 1,5 миллионына жуығы – Абай өңірінде. Бұл көрсеткіштер саланы кеңейтуге және жоғары қосылған құнды өніммен сыртқы нарыққа шығуға берік мүмкіндік барын аңғартады.