Ақордада ауыс-түйіс: Зүлфия Сүлейменова кеңесші қызметінен босатылды
Мемлекет басшысының өкімімен Зүлфия Сүлейменова Президенттің кеңесшісі – халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл қызметінен босатылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбеде туған. 2012 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған, 2014 жылы халықаралық қатынастар магистрі дәрежесін алған. 2016 жылдан бастап Жапониядағы Ұлттық саяси зерттеулер институтында (GRIPS) PhD докторантура бағдарламасында оқыды.
Еңбек жолын 2013 жылы бастады. 2014–2015 жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болды. 2015–2017 жылдары БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясында (ЭСКАТО) бірнеше дивизионда қызмет атқарды (Бангкок, Таиланд).
2019 жылы БҰҰ Даму бағдарламасында (БҰҰДБ) Түрікменстан мен Қазақстанда, сондай-ақ БҰҰ ЭСКАТО-ның Қоршаған орта және даму дивизионында жұмыс істеді. 2020–2021 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары болды.
2021–2022 жылдары VII шақырылым Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде еңбек етті. 2022 жылғы наурыздан 2023 жылғы қаңтарға дейін экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, ал 2023 жылғы 4 қаңтардан 1 қыркүйекке дейін Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарды.
2023 жылғы 21 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Президенттің кеңесшісі – халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл болып тағайындалған еді. Бүгінгі шешіммен ол аталған лауазымнан босатылды.