Президент Қанат Шарлапаевты қызметінен босатты
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент көмекшісі қызметінен Қанат Шарлапаевты босатты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Шарлапаев Қанат Бисімбайұлы Қазақстан Республикасы Президентінің экономика мәселелері жөніндегі көмекшісі қызметінен босатылды», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Шарлапаев Президент көмекшісі қызметінде шамамен жарты жыл – ақпаннан бері еңбек етті. Биыл сәуірде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында лауазымға тағайындалған.
Қанат Шарлапаев кім?
Қанат Шарлапаев Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін және Ұлыбританиядағы Cranfield School of Management-ті бітірген.
Ұзақ уақыт Ұлыбританияның «Сити» инвестициялық банкінде жұмыс істеді. 2015 жылы «Ситибанк Қазақстанда» бас қаржы директоры, кейін басқарма төрағасының орынбасары және аға вице-президент болды. 2017–2020 жылдары «Сити» инвестициялық банкінде Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры қызметін атқарды. 2020–2022 жылдары Африка, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарында стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі аймақтық директор болды.
2022 жылдан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы әрі директорлар кеңесінің мүшесі болды. 2022 жылдың соңында Қазақстан азаматтығын алды.
2023 жылғы 4 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Индустрия және құрылыс министрі болып тағайындалды. «АрселорМиттал Теміртауды» мемлекеттік басқаруға көшіру процесін үйлестірді.
2025 жылғы 28 ақпанда министр қызметінен босатылып, Президенттің көмекшісі болып тағайындалды.