"АУЫЛ" ПАРТИЯСЫ (АОБӨФ) «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖАСҚА ҚАРАМАЙДЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТКІЗДІ
2025 жылы 26 қыркүйек күні «Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалы "1 қазан – Халықаралық қарттар күніне" орай «Жасанды интеллект жасқа қарамайды» атты ерекше кездесу өткізді. Шараға ардагерлер мен жастар қатысып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып қана қоймай, заманауи цифрлық мүмкіндіктерді бірге игерді.
Іс-шараның басты мақсаты – қарт адамдарға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты жолдауындағы бастамаларды негізге ала отырып, жасанды интеллект жетістіктерін күнделікті өмірде қарапайым әрі қолжетімді қадамдар арқылы қолдануды үйрету. Бұл қадам қарттарымыздың жаңа заман трендтерінен қалыс қалмауын қамтамасыз етіп, қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталды.
Кездесу шарасында, «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Қайрат Смағұлов жергілікті «БАЙУАҚОВ ТВК - 6» және «Қазақстан - Семей» телеарналарына сұхбат берді. Ол аталмыш шараның мақсаты мен маңызына тоқталып, IT технологиялардың ауыл мен қала арасындағы алшақтықты қысқартудағы рөліне және жасанды интеллекттің қоғамға беретін мүмкіндіктеріне тоқталды.
Шара барысында, филиал өкілдері Жакупова А. - мен Ерсаинова Б. ардагерлерді заманауи цифрлық мүмкіндіктермен таныстырып, тәжірибелік кеңестер берді. Ал семинар-тренингті «Ауыл» партиясының мүшесі, жас дарынды ақын Нұрсұлтан Махмудов жүргізіп, жасанды интеллекттің - ChatGPT және өзге де ұялы телефон қосымшаларының қарапайым әрі тиімді қолданылу жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, интернет пен телефон алаяқтарынан сақтанудың нақты әдістері түсіндірілді.
Жиын соңында, ардагерлерге «Ауыл» партиясы басшылығы атынан марапаттар табысталып, естелік сыйлықтар ұсынылды. Бұл кездесу қарттарға құрмет көрсетумен бірге, олардың цифрлық қоғамда белсенді әрі сенімді болуына ықпал етті.
«Ауыл» партиясы
Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі