«Дарханды қойша сүйреген»: Жаркентте жұмбақ жағдайда қаза тапқан офицердің туыстары шындық ашылмай отыр дейді
коллаж kyn.kz

«Дарханды қойша сүйреген»: Жаркентте жұмбақ жағдайда қаза тапқан офицердің туыстары шындық ашылмай отыр дейді

Жаркенттегі әскери бөлімде қаза болған 26 жастағы офицер Дархан Нұрланұлының қарындасы Тоғжан Нұрланқызы бауырының өліміне қатысты сұмдық деректерді бөлісті. Оның айтуынша, Дархан арнайы жоспарлы жаттығу кезінде емес, өз әріптестерінің азаптауынан көз жұмған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі KYN.KZ сайтына сілтеме жасап.

Тоғжанның сөзінше, ағасы бір бөлімнен екінші бөлімге ауысып келгеніне екі ай ғана болған. Алғашында ресми мәліметтер Дарханның жаттығу кезінде қайтыс болғанын хабарлаған. Алайда, кейіннен туыстарының күдігі расталып, Дарханның өліміне қатысты бірнеше сарбаз ұсталды.

«Кешкі 11:30 шамасында, беттерін жапқан, спорттық киім киген үш сарбаз Дарханды ұстап алып, қол-аяғын байлап, өзіне тиесілі былғары қолғапты көмейіне дейін тыққан. Қолғапты спорттық киімнің жібімен сыртынан тағы байлап тастаған. Содан соң оны спорт алаңындағы бір шұңқырға сүйреп апарып тастаған», – дейді Тоғжан Нұрланқызы.

Ол сондай-ақ сарбаздардың мұндай әрекетке өз бастамасымен емес, лауазымды офицердің бұйрығымен барғанын айтады. Алайда бұл бұйрық еш жерде тіркелмеген көрінеді.

«Ұсталған үш сарбаз майордың бұйрығын орындадық деген. Бірақ майор мен басқа да жауапты адамдар жауапкершіліктен сытылып кетіп отыр. Көпшілігі куәгер ретінде ғана қарастырылған», – дейді марқұмның қарындасы.

Дарханның анасы Назгүл Досыбекова да бұл оқиғаның кездейсоқтық емес екенін мәлімдеген болатын. Ол ұлының денесінде көптеген соққының ізі, жарақаттар, қан ұйыған белгілер болғанын айтты.

«Ұлымның өлімі туралы бізге тек 6 сағаттан кейін хабарлады. Алғашында "абайсызда қаза тапты" деді. Бірақ қазір нақты дәлелдер бар. Дарханның өліміне бөлімнің ықпалды офицерлері де қатысқан болуы мүмкін. Біз бұл істі тоқтатпаймыз. Президенттен, Ішкі істер министрінен әділ тергеу мен кінәлілердің түгел жауапқа тартылуын сұраймыз», – дейді анасы.

Оқиға 14 қарашаға қараған түні, Жаркент қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты №74261 әскери бөлімінде болған. Марқұм Дархан Дәулет сол түні тәуліктік кезекшілікке түскен инженерлік қызметтің бастығы болған.