Мемлекет басшысы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің президенті Витольд Баньканы қабылдады

15 қазан, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Баньканы қабылдап, ынтымақтастықты кеңейтуге мән берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Кездесу барысында Қазақстанның таза спорт қағидаттарын ұстануға ықпалы мен WADA-мен өзара әрекеттестігі талқыланды.

Президент WADA-ның спорттағы әділдік пен тәртіпті қамтамасыз етудегі жаһандық рөлін атап өтті. Ол жүйелі түрде тәртіп бұзушыларға қарсы күрес пен «таза спорттың» бірыңғай стандарттарын сақтаудың маңызын ерекше айтты. Мұндай ұстаным тек спортшылар үшін емес, миллиондаған жанкүйер үшін де шешуші мәнге ие екенін жеткізді.

Туризм және спорт министрлігі жанынан жұмыс істейтін допингке қарсы сынамалар зертханасы – бүкіл Орталық Азиядағы баламасы жоқ бірегей орталық. Оның базасында өңірлік допингке қарсы ұйым қызмет етеді. Құрамына Қазақстанмен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Пәкістан, Моңғолия және Ауғанстан кіреді. Бұл инфрақұрылым аймақтағы бақылау мен сараптаманың сапасын жаңа деңгейге шығарады.

Витольд Банька Қазақстанның агенттік бастамаларына қолдау көрсетіп келе жатқанын жоғары бағалады. Оның айтуынша, еліміздің спорт құрылымдарымен орнаған ықпалдастық қарқыны жоғары және нәтижелі. Тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті жалғастырып, Қазақстанның WADA үшін жауапты әрі сенімді серіктес мәртебесін нығайту ниетін растады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Витольд Баньканы Қазақстан спортын дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Бұл қадам елдің таза спорт қағидаттарына адалдығын және халықаралық серіктестікке ашықтығын айқындайды.

Тэгтер:

Тоқаев Достық ордені WADA Витольд Банька допингке қарсы