«Қазақстанда қазақша сөйлейтіндер көбейіп барады, шара қабылдау керек»: Олжас Байділдиновтің сөзі дау тудырды
Қазақстан энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Байділдинов ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында мемлекеттік тіл — қазақ тілінің қолданылу ауқымы соңғы жылдары айқын артқанын айтып, бұған «қарсы шара қабылдау керегі» жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі
Мәселе қоғамда қызу талқыланып, танымал тұлғалар да үн қосты.
Байділдиновтің айтуынша, қазақстандық медиа кеңістікте қазақ тіліндегі контенттің үлесі 60 пайызға жуықтаған. Ол орыс тіліндегі мектеп бағдарламаларының «шамамен 30 пайызы ғана орыс тілінде оқытылады» деген дәйек келтіріп, «мектептердің 70 пайызы қазақ тілінде білім береді» деп мәлімдеді. Сарапшы бұл үрдіс «кейбір топтарды алаңдатып отырғанын» айтып, «қазақша сөйлейтіндердің көбеюіне байланысты белгілі бір шаралар қабылдау қажет» деген уәж айтты.
Ол тіпті «Ресей бұрынғыдай өз мектептерін ашуы мүмкін» деген пікірді де сөз етті. Алайда мұндай қадам «ел ішінде қарсылық туғызуы ықтимал» екенін мойындап, «Оңтүстіктегі жастар қазір орысша мүлде сөйлеспейді, бұл көші-қон сапасына әсер етуі мүмкін» деп топшылады. «Мигранттардың сапасы төмендеп барады» деген байламымен ол желі қолданушыларын одан әрі шамдандырды.
Бұл мәлімдемеден кейін қоғамда жаңа резонанс пайда болды.
Әнші Димаш Құдайберген ашық мәлімдеме жасап: «Біз, қазақтар, әлемнің барлық тілдерін құрметтейміз. Бірақ құрмет өзіңнен басталады. Өз тілінен ұялып, өзгенің мақұлдауына ұмтылған адам сөзін емес, тамырын жоғалтады. Олжас, сен сияқты арандатушыны жұмыстан шығарады деп үміттенемін, өйткені сен қорқақ кішкентай бала сияқтысың. Сен қазақша білмегендіктен қазақ тілінде жазбадым», — деп жазды.
Әлеуметтік желілерде бұл пікір мыңдаған реакция жинап, көпшілік «мемлекеттік тілдің нығаюы — табиғи әрі заңды құбылыс» деген бағытта қолдау білдірді.
Бұған дейін де Байділдинов қоғамдық көліктегі жолақы құнын «нарық талабына сай 500 теңге болуы керек» деп айтып, жұрт сынына ұшыраған еді. Сол кезде де оны «халықтың жағдайын ескермеді» деп айыптағандар көбейген. Қоғам белсенділері сарапшының пікірлері жиі «қоғамдық көңіл-күймен қабыспайтынын» атап өтсе, жақтастары оны «қуатты талқылауға түрткі болатын ашық пікір» ретінде бағалайды.
Олжас Байділдинов — мұнай және энергетика бағытында танымал сарапшы, кәсіпкер әрі тележүргізуші. Ол «Atameken Business» арнасындағы авторлық «Байділдинов. Нефть» бағдарламасын жүргізіп келеді. Бұған дейін Қазақстан энергетика министрінің кеңесшісі болған, Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жанындағы қоғамдық кеңестердің құрамында жұмыс істеген. Осы қызметтік және медиа тәжірибесіне сүйенген мәлімдемелері жиі қоғамдық пікірталасқа себеп болып жүр.