Есірткіге қарсы жаңа жоспар: Үкімет республикалық штабты өткізіп, жауапты ведомстволарға нақты міндет жүктеді
Фото: Primeminister.kz

Есірткіге қарсы жаңа жоспар: Үкімет республикалық штабты өткізіп, жауапты ведомстволарға нақты міндет жүктеді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді. Жиында Қауіпсіздік кеңесінде берілген тапсырмалардың орындалуы және Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия шешімдерінің жайы қаралды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министр есірткіге сұраныс пен ұсынысқа қарсы күрес ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің өзегіне айналғанын атап өтті. «Заң мен тәртіп» қағидатын орындау бүкіл мемлекеттік аппараттың ортақ міндеті екені ескертілді. Соңғы жылдары нормативтік база жаңарып, уәкілетті институттар күшейтілгенімен, жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайтыны айтылды. Бұл бағыттағы шаралар жалпыұлттық сипат алып, аймақтардың да дербес жауапкершілігін арттыруы тиіс.

2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар дайындалып жатыр: онда жаңа стратегиялар мен тәсілдер енгізіледі. Алдын алу жұмыстары, әсіресе NEET санатындағы жастарға ерекше бағытталмақ. Жаппай спорт пен пайдалы бос уақытты кеңейту – негізгі құралдардың бірі ретінде көрсетілді. Білім беру жүйесінде 360 мыңға жуық педагог (оның ішінде педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер) тәрбиелік-профилактикалық функцияларды атқарып жатыр, оқушылар қауіпсіздік сабақтарымен толық қамтылған. Ата-аналарды қолдайтын 6,8 мың орталық жұмыс істеп тұр.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов «Киберқадағалау» арқылы есіртікі саудасына соққы күшейгенін айтты: анықталып, бұғатталған сайттар саны 11 есеге өскен. Барлығы 26,5 мыңнан аса интернет-ресурс жабылды, 35 мыңнан астам карталық шот бұғатталды, 4 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Биылғы 9 айда есірткіге қатысты 6 210 құқық бұзушылық әшкереленіп, 26,1 тонна есірткі тәркіленді. Жыл соңына дейін әкімдіктер қызметін бағалайтын алғашқы жиынтық рейтингті ұсыну тапсырылды.

Денсаулық сақтау министрлігі наркологиялық көмектің сапасын көтеру үшін клиникалық хаттамаларды қайта қарап, халықаралық сапа бағдарламасын енгізіп жатыр. Сонымен қатар ІІМ бастамасымен Мәдениет және ақпарат министрлігі және отандық өндірушілермен бірлесіп, халықты қолжетімді экспресс-тестермен қамтамасыз ету (әлеуметтік осал топтарға – тегін) мүмкіндігі пысықталады. Бір ай ішінде жекеменшік наркологиялық оңалту орталықтарының қызметін реттейтін құқықтық тәсілдер әзірленуі тиіс.

Ақпараттық-профилактикалық жұмыста заманауи форматтарға басымдық беріледі. Министр Аида Балаева әлеуметтік жарнаманы онлайн-платформаларда, кинотеатрларда, қоғамдық көліктерде және халық көп жиналатын орындарда орналастыруды кеңейтуді ұсынды. Сонымен бірге мәдениет және ақпарат, жасанды интеллект министрліктері ҰҚК-мен бірге мақсатты жарнаманы және есірткі сайттарын автоматты анықтау-бұғаттау жүйелеріне белсенді қосылуы қажет.

Синтетикалық есірткінің жаңа түрлеріне жедел әрекет ету үшін Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдары заманауи құрал-жабдықпен жабдықталып, сарапшыларды іріктеу-даярлау күшейтіледі. Сараптама рәсімдері оңтайландырылып, мерзімдері қысқарады. Шекара бақылау бекеттері тексерудің қазіргі заманғы техникалық құралдарымен және радиомониторинг жүйелерімен жасақталмақ.

Өңірлердің әкімдері облыстық штабтарды дербес басқарып, қазан айының соңына дейін жергілікті ерекшелік пен бюджет мүмкіндіктеріне сай нақты іс-шаралар жоспарын бекітуі тиіс. Премьер-министр барлық ұсыныс пен шаралар әзірленіп жатқан кешенді жоспарға толық енгізілетінін айтты. Отырыс қорытындысында штабтың 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды.