Семейде бокстың басты бәсекесі басталды: алты әлем чемпионы жаңа салмақта күш сынасады
Фото: Абай облысының әкімдігі

Семейде бокстың басты бәсекесі басталды: алты әлем чемпионы жаңа салмақта күш сынасады

Семей қаласындағы Abai Arena спорт кешенінде 14–21 қазан аралығында бокстан Қазақстан чемпионаты өтуде. Біріншілік қорытындысы ұлттық құрамаға іріктеу міндетін атқарады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.

Биылғы додаға еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық спортшы келді. Ерекшелігі – жүлделер World Boxing ұйымы бекіткен жаңа салмақ дәрежелері бойынша сарапқа салынады. Турнир нәтижесінде үздіктер алдағы халықаралық және әлемдік жарыстарда Қазақстан намысын қорғайтын құрамға қосылады.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Қазақстан чемпионатына жұлдызды құрама жиналды: ересектер арасындағы әлем чемпиондары Теміртас Жүсіпов (50 кг) пен Сәкен Бибосынов (55 кг), жастардың әлем чемпиондары Бексұлтан Боранбек (55 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Санжар-Али Бегалиев (80 кг) және Өнер Сейілхан (85 кг) рингке шығады. Сондай-ақ Азия біріншіліктерінің және Олимпиада жүлдегерлері қатысып жатыр.

Жарыстың ашылуына Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов және танымал спортшылар қатысты. Салтанатты рәсімде облыс әкімі чемпионаттың аймақ спорты үшін маңызын атап өтті: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеруіміз керек» деген еді. 1996 жылдан бері тұңғыш рет ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты Семейде өтіп отыр. Бұл – өңірдің спорттық әлеуетін арттырып, бұқаралық және кәсіби спортқа серпін береді», – деді Берік Уәли.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысында боксты қоса алғанда спортты дамыту жүйелі түрде жүріп жатыр. Жергілікті таланттардың нәтижесі – Шри-Ланкада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Жанель Имантаева мен Ақнұр Тұрсынғалидың өз салмақтарында топ жаруы. Бұл – өңір мектебінің тереңдігін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Статистика да соны растайды: 2025 жылы Абай облысынан 451 спортшы ұлттық құрамалардың сапына енген. Жыл басынан бері өңір өкілдері республикалық жарыстарда 1232 (376 алтын, 337 күміс, 519 қола), халықаралық турнирлерде 182 (56 алтын, 51 күміс, 75 қола) медаль жеңіп алды.

Спорт инфрақұрылымы да жаңарады. «Абайға құрмет» акциясы аясында алдағы үш жылда Семейде бірқатар нысан салынып, жаңғыртылады. «KAZ Minerals» компаниясымен меморандум бойынша 25 мың көрерменге лайық стадион тұрғызу жоспарланған. Абайдың 180 жылдығына орай Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын салып береді. Сонымен қатар Абай облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қорының ынтымақтастығымен Семейде Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.

Чемпионат аптасы Семейдің спорт күнтізбесіндегі ең қызық кезеңдердің біріне айналмақ. Жанкүйерлер үшін жаңа салмақтардағы тартыс пен ұлттық құрамаға жолдама сарапқа салынатын шешуші айқастарды көру – таптырмас мүмкіндік.