«ҮЛКЕНГЕ – ҚҰРМЕТ» – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНДА САҚТАЛҒАН ИГІЛІКТІ ІС

Бүгін, 01:05 / Теңіз Тамшыбаев

Қазақ халқының ұлт болмысындағы ең ізгі дәстүрлердің бірі – үлкенге құрмет көрсету, аға буынға ізет білдіру. Бұл — ұлт тәрбиесінің, рухани мәдениеттің және адамгершіліктің биік сипаты. Осы игі дәстүрді дәріптеу мақсатында «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалы  ел ішінде әлеуметтік қолдау шараларын жүйелі түрде өткізіп келеді. Соның бірі – «Үлкенге – құрмет» деп аталатын қайырымдылық акциясы.

Қазан айындағы кезекті игі іс аясында партияның өңірлік филиалының өкілдері  Абай облысы, Семей қаласы, Жаңақұрылыс ауданының тұрғыны – Маибасарова Кулькен   апаға арнайы барып, шынайы ілтипат танытты. Партия жобасы аясында Күлкен апаға тұрмысқа қажетті қос қап азық-түлік табыс етіліп, елдік дәстүрге сай ізгі тілек пен құрмет білдірілді.

Зейнет жасындағы Күлкен апа – кеңестік кездегі Семей қаласындағы әйгілі «Камволь комбинатында» қарапайым жұмысшы санатында абыройлы еңбек еткен ардақты жан. Бір кездері  экономиканың дамуына өзіндік үлесін қосқан анамыз бүгінде еңбекпен өткен өміріне риза, ел тыныштығына шүкіршілік етеді.

Акция барысында, партия өкілдері Күлкен апаның хал-жағдайын сұрап, жылы лебіздерін білдіріп, қамқорлық пен мейірімге толы кездесу өткізді. Қарт ана ризашылықпен ақ батасын беріп, жүрекжарды алғысын жеткізді.

Ең қуаныштысы – бұл кездесудің соңында, Күлкен апа «Ауыл» партиясының мүшелігіне қабылданып, арнайы төсбелгі тағылды. Бұл қадам – қоғам өміріне белсенді араласқысы келетін, еліне тілеулес ардагерлер үшін үлкен мәртебе есебінде.

– Қазақ халқы ежелден үлкенін сыйлап, батасын алуды дәстүрге айналдырғанын бәріміз білеміз. «Үлкенге – құрмет» акциясы – осы асыл дәстүрдің бүгінгі жарқын жалғасы, арналы айнасы.  Қайырымдылық пен қамқорлық – қоғамды біріктіретін ең құнды қасиеттер. Мұндай шаралар жалғаса береді, – дейді партия өкілдері.

«Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалы осындай игілікті істерді алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр. Бұл бастама – ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтудың нақты қадамы. 

Қазақ елі қашанда үлкенін қадірлеп, сый-құрмет көрсетуді парыз санаған. «Ауыл» партиясының осы жобасы – сол дәстүрдің жаңа қоғамдағы алтын көпірі, мейірім мен адамгершіліктің салтанат құруының айғағы.


«Ауыл» партиясы
Абай облысы бойынша өңірлік филиалының
баспасөз қызметі

Тэгтер:

«Үлкенге – құрмет» қайырымдылық акциясы