«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН»: АБАЙ ОБЛЫСЫНДА ПАРТИЯ АКТИВІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін, 01:07 / Теңіз Тамшыбаев

Абай облысы "Ауыл" партиясының өңірлік филиалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған кең көлемді кездесу өткізді. Шараға партия белсенділері, ауылдық округтердің әкімдері, жастар мен жергілікті қоғамдастық өкілдері де қатысты.

Кездесу барысында, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында көтерілген басты міндеттер мен стратегиялық мақсаттар кеңінен талқыланды. Әсіресе, "Жасанды интеллект" технологияларын  енгізу, цифрлық трансформация үдерісін жеделдету, ауыл шаруашылығы мен білім беру салаларын жаңғырту, сондай-ақ, ұлттық экономиканы инновациялық бағытта дамыту мәселелеріне баса назар аударылды.

"Ауыл" партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Смағұлов Қайрат Қанатұлы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, Жолдаудың мәні мен маңызына тоқталды.
— Президент Жолдауы — еліміздің жаңа дәуірге қадам басуының нақты жол картасы. Бүгінгі таңда,  жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар барлық саланың қозғаушы күші болып отыр. Бұл бағытта ауыл - аймақтар да артта қалмауы тиіс. Цифрландыру – елдің өркендеуі мен ауылдың әлеуетін арттырудың сенімді тетігі. Сондықтан, "Ауыл" партиясы осы бағыттағы мемлекеттік бастамаларды қолдап, олардың орындалуына тікелей атсалысуда, — деді ол.

Партия активінің жиынында сөз алған қатысушылар да Жолдауда көтерілген бастамалардың өзектілігін атап өтіп, жасанды интеллекттің қоғам өміріне енгізілуі ұлттық дамудың жаңа белесін айқындайтынын айтты.
Жиылған көпшілік:
– Жасанды интеллект – өркениетке бет алған қарышты дәуірдің арнасы. Бұл үрдіс ұлттың болашаққа нық әрі айқын қадам басуына мүмкіндік береді, – деген пікірлерімен бөлісті.

Шара барысында,  қатысушылар ауыл шаруашылығын цифрландыру, агроөнеркәсіп саласында инновациялық технологияларды пайдалану, ауыл мектептерінде ІТ-білім беру сапасын арттыру және интернет инфрақұрылымын жақсарту мәселелерін талқылады.

"Ауыл" партиясының өңірлік филиалы алдағы уақытта да облыстың бірқатар аудандарында түсіндіру жұмыстарымен көпшілік әлеуметпен кездесулерді жалғастыруды жоспарлауда. Бұл бастамалардың түпкі мақсаты — Президент Жолдауындағы идеяларды ел арасында кең көлемде насихаттап, цифрлық Қазақстанның қалыптасуына халықтың белсенді қатысуына жол ашу.


"Ауыл" партиясы
Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі

Тэгтер:

цифрлық трансформация Жасанды интеллект дәуірі Абай облысы "Ауыл" партиясы