«Баспасөз бен «Қазпоштаның» шайқасы жүйкемізді жұқартты» — Риза Молдашева
«Семей таңы» мен «Вести Семей» газеттерінің бас директоры Риза Молдашева соңғы күндері еліміздегі баспасөз өкілдері қатты алаңдап отырған мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Оның айтуынша, соңғы аптада республикадағы бүкіл баспасөз өкілдерінің жүйкесі сыр берген. Бұған себеп – «Қазпошта» АҚ-ның әрекеті. Маусым айында баспасөзді тасымалдау бағасын мың есеге көтеріп, журналистердің төзімін тауыстырған ұлттық оператор енді еш ескертусіз жазылу құнын 141 пайызға арттырып отыр. Бұл – өңірлік редакциялар үшін тағы бір ауыр соққы.
«Ең қызығы – “Қазпошта” осы қызметі үшін республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге субсидия алып отырғаны енді ғана белгілі болды. Сонда халықтың қалтасы мен мемлекеттің қазынасы – екеуі бірдей шығынға ұшырап отыр деген сөз ғой», – деп жазды Риза Молдашева.
Ол бұл мәселеде Мемлекет басшысына үміт артқанын, алайда қазіргі кеңесші қызметіндегі Әсел Жанасова осы салада отырғанда бұл түйіннің тез шешілуі неғайбыл екенін айтады. Себебі, Молдашеваның пікірінше, баспасөз саласындағы былықтың бастау алуы дәл сол кісінің тұсына сәйкес келеді.
«Ал республикалық басылымдар үнсіз. Шу шығарып, әділдік іздеп жүрген – аймақтық редакциялар ғана. Иә, “тоқ баланың аш баламен ойнамайтыны” рас екен. Бірақ ұмытпаңыздар – елдің шынайы үні мен айнасы дәл сол “аш баладай” өңірлік басылымдарда ғой!» – деп түйіндеді ол.