Иманғали Тасмағамбетов Украинаның «Миротворец» базасына не үшін енгізілді?
Фото: odkb-csto.org

Иманғали Тасмағамбетов Украинаның «Миротворец» базасына не үшін енгізілді?

Украинаның даулы «Миротворец» сайты ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовті өз тізіміне қосты. Портал оны Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясын қолдады және соғысты насихаттады деп айыптап, «қылмыскерлер» қатарына енгізген, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

«Миротворец» сайты 2014 жылы құрылған. Жобаның авторлары өз ресурстарында «Украинаға қарсы қылмыс жасады» деп санайтын тұлғалар туралы деректерді жариялайтынын айтады. Бүгін осы базаға «қылмыскер» мәртебесімен Иманғали Тасмағамбетовтің аты-жөні де енгізілгені көрсетілді.

Айта кетейік, Иманғали Тасмағамбетов 2023 жылдың қаңтарынан бері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы қызметін атқарып келеді. Бұған дейін ол Қазақстанда жоғары мемлекеттік лауазымдарда істеген, ал қазір өңірлік қауіпсіздік ұйымының атқарушы құрылымын басқарып отыр.

Сайт авторларының мәлімдеуінше, Тасмағамбетов Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын «толық қолдайтын тұлға» ретінде сипатталған. Олар ҰҚШҰ Бас хатшысы ретінде оның Ресей әскеріне көмек ретінде ұйым әскерін жіберуге дайын болғанын, Украина аумағына «Орешник» зымырандарымен жасалған соққыларды ақтады деп жазады.

Сонымен қатар дереккөзде Иманғали Тасмағамбетовтің Выборг кеме жасау зауытының акционері екені, КамАЗ директорлар кеңесіне мүше екені айтылады. Сондай-ақ ол Батыс елдерінің Киевке қару-жарақ жеткізуін сынаған саясаткер ретінде сипатталған.