Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің жұбайы Айсұлу Айданқызы ұлы Абылайдың өлімінен кейін туындаған пәтер дауы жайын «TalkLike» бағдарламасында ашық айтып берді. Оның сөзінше, ұлына қомақты қаржы берген досы кейін сол қарызды сылтау етіп, жалғыз пәтерді толықтай өз атына аудартпақ болған, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Айсұлу Айданқызының айтуынша, марқұм ұлы Абылай Санжар есімді досына қомақты сома қарыз болған. Сол қарызға байланысты даудың негізгі себебі – Абылай тұрған жалғыз пәтер. Пәтердің нарықтағы нақты бағасы шамамен 140 миллион теңге болса, Санжар «мен 65 миллион теңге бердім» деп, өзін толық меншік иесі ретінде көрсетуге тырысқан.
«Пәтердің нақты бағасы – 140 миллион теңге. Ал Мұқаш Санжар “65 миллион теңге бердім” деп отыр. Сонда неге бүтін пәтерді өз атына аудармақ? “Маған ақша табу керек” деді. Міне, осылай ашық айтты, еш қысылмады», – дейді композитордың жары.
Айсұлу Айданқызының сөзінше, ұлының қырқына да жетпей, Санжар тарапынан пәтерді босатуды талап еткен хабар келген. Марқұмның телефоны әлі ашылмаған ауыр кезеңде досы арадағы адамдар арқылы «40 күн өтсін, содан кейін пәтерді босатсын» деген талап жолдаған.
«Абылайдың қырық күні өтпей жатып, телефоны әлі ашылмаған еді. Сонда да достары арқылы хабар жіберіпті: “40 күн өтсін, сосын пәтерді босатсын” деп. Сол кезде мен Санжарды үйге шақырып, сөйлестім. “Пәтерді босат деп тұрсың ба?” десем, “Иә, босатыңыз” деді. Ол маған: “Хотел заработать”, яғни “ақша табуым керек” деді. Еш ұялып та тұрған жоқ», – дейді ол.
Белгілі композитор Арман Дүйсенов 2023 жылдың қаңтарында дүниеден озған. Бір жыл өтпей жатып, былтыр қазанда марқұм сазгердің ұлы да көз жұмды. 2024 жылғы 7 қазан күні кешке жас жігіт өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған. Ресми деректерге сәйкес, оның қолдары байлаулы болған, ал алдын ала мәлімет бойынша өлім себебі – механикалық асфиксия деп көрсетілген.
Айсұлу Айданқызының айтуынша, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын ұлы анасымен байланысқа шықпаған, телефон қоңырауларына жауап бермеген. Бұл жағдай, соның ішінде қолының байлаулы болуы, қоғамда да, әлеуметтік желіде де күдік пен сан алуан сұрақ туындатты. Қайғыдан екі есе есеңгіреген ана үшін ұлының қазасынан кейін басталған мүлік дауы, әсіресе, «ақша табу» мақсатымен әрекет еткен адамның дос саналғаны, моральдық тұрғыдан өте ауыр соққы болғанын жасырмайды.