«Бәріміз үшін ауыр жыл болды»: Бейсен Құранбектің жары алғаш рет сыр ақтарды
Сурет: фотоколлаж kyn.kz

«Бәріміз үшін ауыр жыл болды»: Бейсен Құранбектің жары алғаш рет сыр ақтарды

Белгілі тележурналист, өмірден ерте өткен Бейсен Құранбектің жұбайы Гүлмира Зербай алғаш рет жұрт алдында сұхбат беріп, күйеуінің қазасынан кейінгі ауыр кезең жайлы ашық айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі KYN.KZ сайтына сілтеме жасап.

Гүлмира ханым бұл сырын тележүргізуші Дана Нұржігітпен болған сұхбатта бөлісті. Оның айтуынша, Бейсен Құранбек дүние салған соң қатты күйзеліске түскен. Дегенмен балалары үшін өмірмен күресіп, депрессиядан өз күшімен шығуға тырысқан.

«Алғашқыда ол туралы сөз қозғалса, көз жасымды тыя алмайтын едім. Қазір біршама сабырға келдім. Себебі Бейсекең жайлы айтылып, есте қалуы керек», – дейді ол.

Сұхбат барысында ол Бейсен Құранбекпен қалай танысқанын, отбасы құруға не себеп болғанын еске алды. Алматыға аспирантураға келген кезінде жұмыс орнында алғаш рет көрген Бейсен туралы естелігін жылы жымиыспен баяндады.

Сондай-ақ, Гүлмира Зербай 2020 жылдың отбасы үшін ең ауыр кезең болғанын айтты. Бейсеннің қазасынан кейін көп ұзамай оның анасы, әкесі, үлкен әжесі және інісі де бірінен соң бірі өмірден өткен.

«Бұл жағдай тек маған емес, бүкіл әулетке оңай тиген жоқ. Әжемізге Бейсекеңнің өмірден озғанын айтпадық. Соңында ол кісі де сол жолды қалады. Артынша қайын інім де өмірден өтті», – деп еске алды марқұмның жары.