Екатерина Бивол психиатриялық ауруханаға не үшін барғанын айтты

15 қараша, 2025 / Ерлан Айқынұлы
Фото: Ашық дереккөзі

Ресейлік боксшы, WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Бивол әлеуметтік желіде жариялаған видеосында психиатриялық ауруханаға тексерілуге кетіп бара жатқанын айтты. Ол бұл қадамға бұрынғы күйеуінің жанкүйерлері мен туыстары тарапынан түскен шағымдар себеп болғанын жеткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Tengri Life сайтына сілтеме жасап.

Екатеринаның айтуынша, соңғы екі жыл ішінде ол әлеуметтік желіде тұрақты түрде қудалауға ұшырап келеді. Ол әсіресе Қырғызстан мен Қазақстаннан шыққан бұрынғы күйеуінің фанаттары қатты қысым көрсететінін айтты.

«Мені екі жыл бойы Диманың Қырғызстан мен Қазақстаннан шыққан фанаттары қатты травля жасап келеді. Плюс бұрынғы күйеуім тарапынан бітпейтін, еш негізсіз бір травля бар», – дейді ол видеода.

Оның сөзінше, қазіргі тексеру оның өзіне немесе балаларына қатысты қандай да бір нақты әрекетімен байланысты емес. Бұл – үшінші тұлғалар түсірген шағымдар негізінде басталған процесс.

«Менің тамаша балаларым бар, күн сайын оларды жаттығуға апарып жүремін. Сіздер менің өмірімді түгел білесіздер. Мен өзіме қатысты жасалған ұзақ жылдар бойғы қатты агрессияға жауап ретінде бір реакция білдірсем, кейбір адамдар соған жармасып, мені тексеріп жатыр», – деп қосты Бивол.

Ол бірнеше жыл бойы онлайн-қудалауға, жеке мәліметтерінің таралуына, қорқытуларға тап болғанын айтады. Екатеринаның айтуынша, балаларын өзі асырайды, ал алимент төлеу, қамқоршылық пен отбасылық дауларға қатысты мәселелер оның психологиялық жағдайына қосымша салмақ түсіріп отыр.

Кейінірек ол ауруханада бұрынғы күйеуі және оның адвокаттарымен кездесу өткенін хабарлады. Бұл кездесу де тексеру аясында ұйымдастырылғанын айтты.

Желіде Екатеринаны психиатриялық тексеруге шақыруға себеп болған шағымның фотосы да жарияланды. Құжат мәтінінде оның бұрынғы күйеуіне, оның туыстарына, арыз берушіге және оның балаларына жиі өлім тілейтіні, мұндай жанжалдар кезінде жиі жиендері де кадрда болып, барлығын көріп, санасына сіңіріп жатқаны жазылған.

Мәлімдемеде Екатеринаның өзіне де, балаларына да қауіп төндіруі мүмкін сөздер айтқаны көрсетілген. «Апатия кезеңдерінде ол “балалармен бірге терезеден секіріп кетемін” деп қорқытатын. Мұндай сәттерде мен күн сайын онымен телефон арқылы 6–8 сағат сөйлесемін, ол бір нәрсені қайта-қайта айта береді: өзін өмірге лайықсыз санайтынын, өлгісі келетінін және ешкімді жақсы көрмейтінін», – делінген құжатта.

Сол арызда әпкесі балаларды отбасынан уақытша алып, «анасына қатысты шара қолдануды» қарастыруды сұраған. Яғни, психиатриялық тексеру бастамасына жақын туысының өзі де қол қойғаны байқалады.

Еске салайық, бұған дейін Ресей Ішкі істер министрлігі Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайына қатысты тексеру бастағанын мәлімдеген. Ведомствоның дерегінше, тексеруді Ресей ІІМ-нің Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша Бас басқармасы жүргізіп жатыр.

«Өтініште баяндалған мән-жайлар бойынша тиісті тексеру Ресей ІІМ-нің Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша Бас басқармасы тарапынан жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз», – деген болатын УОС бастығының орынбасары Евгений Артёмов.

Осыдан бұрын Екатерина Бивол әлеуметтік желіде түрлі ұлт өкілдеріне қатысты қорлайтын сөздер айтқан видеосын жариялаған еді. Сол роликтен кейін Қырғызстанда оны ұстауға ордер берілді.

Артынша Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Биволға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады. Көп ұзамай желіде оған қатысты ориентировка тарады. 13 қарашада ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қазақстан Ресейге Екатерина Биволды беру туралы сұрау жолдайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін Екатерина бұрынғы күйеуінің отбасы – Дмитрий Биволдың туыстары жайлы да ауыр пікір айтқан. Атап айтқанда, ол анасын «тозақтың бейнесі» деп атаған.

Дмитрий Бивол – жартылай ауыр салмақта WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, ресейлік кәсіпқой боксшы. Ол мен Екатерина 2007 жылдан бері бірге болып, 2014 жылы ресми некеге тұрған. Олардың ортақ балалары бар. Жұп 2023 жылдың маусымында, 16 жылдық қарым-қатынастан кейін ажырасып кеткен. Алайда одан кейін жанжал ушығып, қазірге дейін әлеуметтік желідегі жария айыптаулар, сот даулары мен өзара шағымдар арқылы жалғасып келеді. Екатерина бұрынғы жұбайын абьюз, опасыздық және қаржылық алаяқтық жасады деп айыптаса, боксшы оның мінез-құлқын «аморальды» деп сипаттаған.

Бұл оқиға қазір тек онлайн-қауымдастықтың ғана емес, құқық қорғау органдары мен дәрігерлердің де бақылауына түсіп отыр. Даудың түпкілікті құқықтық және медициналық бағасы тиісті тексерулер аяқталғаннан кейін ғана белгілі болмақ.

Тэгтер:

Екатерина Бивол Дмитрий Бивол психиатриялық аурухана халықаралық іздеу жанкүйерлер қысымы