Көп адамдар куртканы кір жуғыш машинада жууға қорқады, себебі оның пішіні бұзылып, киім жарамсыз болып қалады деп ойлайды. Алайда бірнеше қарапайым ережені сақтаса, машинкамен жуу әбден қауіпсіз әрі тиімді бола алады.
Киім күтімі саласындағы мамандар қай куртканы кір жуғыш машинада жууға болатынын, оны қалай дұрыс жуу керегін және жуғаннан кейін қалай дұрыс кептіру қажеттігін түсіндірді.
Қандай курткаларды кір жуғыш машинада жууға болады?
Ең алдымен курткадағы жапсырманы (этикетканы) мұқият оқыңыз. Дәл сонда бұйымға күтім жасау туралы ең маңызды ақпарат жазылады. Егер леген бейнесінің үсті сызып қойылған болса, жууға қатаң тыйым салынған, тек кәсіби химиялық тазалау ұсынылады. Легеннің ішінде қолдың белгісі тұрса, тек қолмен жууға болады деген сөз. Ал легеннің ішінде сан көрсетілсе, белгілі бір температурада машинкамен жууға рұқсат етілгенін білдіреді.
Егер жапсырма жоқ болса немесе ондағы ақпарат түсініксіз болса, куртканың материалына назар аудару керек. Натуралды және жасанды аң терісінен, табиғи былғары мен күдеріден тігілген бұйымдарды ешқашан кір жуғыш машинада жуға болмайды. Куртканың үстінде осы материалдардың шағын бөліктері болса да, жапсырмада жууға болады деп жазылғанның өзінде, сақтық жасап, химиялық тазалауға тапсырған дұрыс.
Куртканың дымқыл күйдегі салмағын да ескерген жөн. Егер кір жуғыш машинаңыздың барабаны шағын болса, ауыр киімге есептелмеуі мүмкін, бұл техниканың бұзылуына әкеліп соқтыруы ықтимал.
Куртканы кір жуғыш машинада қалай дұрыс жуу керек?
Жууға дайындау:
Міндетті түрде барлық қалтаны босатыңыз және алынбалы бөлшектердің бәрін шешіп алыңыз: аң терісінен тігілген жағалар, капюшон, белбеу, ремень және басқа да сәндік элементтер.
Көрінетін дақтардың барлығын алдын ала қарапайым шаруашылық сабынмен немесе нәзік маталарға арналған дақ кетіргішпен өңдеңіз.
Курткадағы барлық түйме, сыдырма (молния), «липучка» мен ілмектерді түгел жауып, бекітіп қойыңыз. Бұл мата мен бірге жуылатын басқа киімдердің зақымдануының алдын алады.
Куртканы терісіне қарай аударып жуыңыз немесе арнайы кір жууға арналған тор қапшыққа салыңыз. Бұл сыртқы қабатын үйкелуден және зақымданудан қосымша қорғайды.
Жууға арналған құралды таңдау:
Куртканы жуу үшін ең дұрысы – сұйық жуғыш заттарды, яғни гельдер мен капсулаларды қолдану. Олар суда жақсы ериді және матадан ұнтаққа қарағанда оңай шайылып шығады.
Құрамында хлор немесе ағартқыш қоспалар бар құралдарды қолданбаңыз, әсіресе курткаңыз түрлі түсті немесе қою түсті болса. Мұндай бұйымдарға түсін сақтайтын арнайы жуғыш құралдарды таңдаңыз.
Температуралық режим:
Пуховиктерді 30 градустан жоғары емес температурада жуу ұсынылады. Судың тым ыстық болуы ішкі толтырғышқа зиян келтіріп, жылу сақтайтын қасиетін төмендетуі мүмкін.
Әрқашан курткаңыздағы жапсырмада көрсетілген ақпаратты мұқият оқыңыз. Өндіруші әдетте нақты мата мен толтырғыш түріне арналған оңтайлы жуу температурасын көрсетеді.
Жуу режимін таңдау:
Егер кір жуғыш машинаңызда «Сырт киім» деген арнайы режим болса, міндетті түрде соны таңдаңыз. Бұл режим нәзік маталарды барынша ұқыпты жуу үшін жасалған.
Көп жағдайда деликатный режим немесе қол жуу режимі де жарайды. Бұл режимдерде сығу (отжим) жылдамдығын барынша аз етіп қойған дұрыс.
Сығу жылдамдығы минутына 600 айналымнан аспауы керек. Пуховиктер үшін сығуды мүлдем сөндіріп қойған дұрыс, бұл пұштырманы (пухты) «домалап», түйін-түйін болып қалудан сақтайды.
Куртканы кір жуғыш машинаға салу:
Куртканы басқа киімдермен араластырмай, бөлек жуған дұрыс. Бұл матаның бүлінуі мен түсінің басқа киімге өту қаупін азайтады.
Жуу кезінде ішкі толтырғыштың түйіршік болып қалмауы үшін барабанға 3–5 теннис добын немесе арнайы жуу шариктерін қосып жіберіңіз.
Егер түрлі түсті теннис доптарын қолдансаңыз, алдын ала оларды ағартқыш ерітіндісіне салып, бояуының шықпайтынына көз жеткізіңіз.
Куртканы жуғаннан кейін кептіру:
Ең дұрысы – куртканы ілгішке (иықшаға) іліп, жақсы желдетілетін орында кептіру. Тікелей күн сәулесі мен қызу көздерінен (обогреватель, батарея) алыс ұстаңыз.
Егер куртканы жатқызып кептірсеңіз, астына сүлгі төсеп, мезгіл-мезгіл ауыстырып, бұйымды аударып тұрыңыз, бұл оның біркелкі кебуіне көмектеседі.
Куртканы ешқашан батареяға немесе жылытқыштың үстіне қойып кептірмеңіз. Жоғары температура матаға да, толтырғышқа да зиян.
Пуховик кепкенше оны жиі-жиі сілкіп тұрыңыз, сонда пух бір жерге жиналып қалмай, қайтадан біркелкі таралады.
Егер жапсырмада куртканы машинкада кептіруге болатыны көрсетілсе, тек нәзік режим мен төмен температураны таңдаңыз.
Осы қарапайым кеңестерді сақтай отырып, куртканы кір жуғыш машинада қауіпсіз жууға болады, әрі оның сыртқы келбетін де, функционалдық қасиеттерін де сақтап қаласыз. Куртканы үйде жуудан қорықпаңыз – бұл химиялық тазалауға кететін ақшаңызды үнемдеуге және киімдеріңізді әрдайым таза, ұқыпты күйде ұстауға көмектеседі. Тек жапсырманы мұқият қарап шығып, дұрыс режим таңдаңыз және сапалы жуғыш құрал қолданыңыз.