«Қазақстан мен Өзбекстан – бақталас емес, одақтас»: Тоқаев Ташкенттегі брифингте не айтты

15 қараша, 2025 / Ерлан Айқынұлы
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Ташкентте БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен брифинг өткізіп, екі ел қатынасының негізгі басымдықтары мен жаңа келісімдердің мазмұнын баяндады. Брифинг барысында Тоқаев қазақ-өзбек қатынасының деңгейі бұрын-соңды болмаған дәрежеге жеткенін айтып, сапардың басты мақсаты бауырлас халықтар арасындағы достық пен стратегиялық одақтастықты нығайту екенін атап өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Баспасөз мәслихатының басында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке және өзбек халқына қазақ делегациясына көрсетілген ерекше қонақжайлық үшін алғыс білдірді. Ол қазақ пен өзбектің ғасырлар бойы еншісі бөлінбеген, салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі мен ділі ұқсас бауырлас халық екенін ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, дәл осы ортақ құндылықтардың арқасында екі елдің қарым-қатынасы соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Сапардың басты мақсаты – достық пен тату көршілікті бекітіп, сан қырлы ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге шығару.

Тоқаев бүгінгі келіссөздер мен қол жеткізілген уағдаластықтардың екі елдің ұлттық мүдделеріне толық сай келетінін айтты. Оның сөзінше, қазіргі стратегиялық серіктестік пен одақтастық – қазақ пен өзбек халықтары арасындағы мызғымас достықтың нақты көрінісі. «Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру – менің басты міндетім», – деген Тоқаев соңғы кезде кей сарапшылар таратып жүрген «Қазақстан мен Өзбекстан бәсекелес» деген пікірлерге де жауап берді. Ол екі елді бақталас емес, қайта өркендеу жолында қатар келе жатқан стратегиялық серіктес, сенімді одақтас екенін ашық мәлімдеді.

Мемлекет басшысы сөз арасында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Мирзиёевтің қуатты басшылығының арқасында Өзбекстан соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіп, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізген, халқының әл-ауқатын арттырған ел ретінде дүниежүзіне танылды. Қалалардағы қарқынды өзгерістер, қоғамның барлық саласындағы сапалы даму – осы реформалардың нақты нәтижесі. Тоқаев Қазақстан халқы Өзбекстанның табысына шын жүректен қуанып, бауырлас елдің жетістігін өзіне жақын қабылдайтынын айтты.

Президенттер өз сөздерінде Қазақстан мен Өзбекстанның тек екіжақты емес, бүкіл Орталық Азияның дамуын көздейтін өңірлік берік стратегиялық альянс қалыптастырғанын атап өтті. Келіссөздер барысында екі ел қатынасының кең көлемді бағыты – саясат, экономика, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық сала жан-жақты талқыланды. Тоқаевтың айтуынша, негізгі қорытынды – стратегиялық серіктестік пен одақтастықты күшейтуге бағытталған өзара уағдаластықтар пакеті.

Экономикалық блокта Президент екі ел арасындағы сауда-саттықтың оң динамикасына тоқталды. Соңғы кезеңде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы жыл сайын 4 миллиард доллардан асып отыр. Бұл көрсеткіш үкіметтердің жүйелі жұмысы мен бизнес-қоғамдастықтар арасындағы тікелей диалогтың нәтижесі екені айтылды. Тоқаев соған қарамастан сауда көлемін арттыруға әлі де айтарлықтай әлеует бар екенін, әсіресе өнеркәсіп, автокөлік жасау, құрылыс және энергетика салаларында жаңа жобаларға жол ашық екенін жеткізді.

Ауыл шаруашылығы саласы екі ел үшін басым бағыт ретінде белгіленді. Президент Қазақстан мен Өзбекстанның аграрлық секторда мол ресурстары мен кадрлық әлеуеті барын атап өтті. Елдер өз мүмкіндіктерін біріктіру арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, әлемдік нарықтағы орнын күшейте алады. Бидай мен ет-сүт өнімдерін өңдеу бойынша бірқатар бірлескен жобалар пысықталып жатыр. Тоқаев агроөнеркәсіп кешеніндегі бастамаларды жан-жақты қолдау туралы келісім жасалғанын айтты.

Іскерлік байланыстар да брифингте ерекше орын алды. Президенттің мәлімдеуінше, қазір Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 6 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Бұл – бизнес қауымдастықтардың сенімі мен ынтымақтастығының айқын дәлелі. Өңірлер арасындағы ықпалдастықты күшейту мақсатында бұрынғы Өңіраралық форум Өңір басшыларының тұрақты кеңесі ретінде қайта құрылды. Тоқаевтың айтуынша, бұл шешім – екі жақтың да өзара байланыстарды жүйелі түрде тереңдетуге ниетті екенін көрсететін маңызды қадам.

Қазақ-өзбек шекарасында ашылатын Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы да өзара сауданы дамытуға жаңа серпін бермек. Сонымен қатар құрылыс саласы болашақтағы басты бағыттардың бірі болып отыр. Қазақстандық компаниялар «Жаңа Ташкент» жобасының құрылысына, сондай-ақ Өзбекстандағы тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салуға белсенді қатысып жатыр. Бұған дейінгі келісімдер бойынша Ташкентте «Astana», ал Астанада «Tashkent» қонақ үйлері бой көтереді, бұл да екі елдің символдық және экономикалық байланысын күшейте түседі.

Көлік-транзит саласындағы жобалар да маңызды талқыланды. Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтіп жатқан жүк тасымалы көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Тоқаевтың мәліметінше, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша теміржолмен тасымал көлемі 15 пайыздан астам өсіп, 22 миллион тоннадан асқан. Алдағы уақытта тараптар тарифтік саясатты жетілдіру, жүк тасымалы шарттарын жеңілдету, шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту және кеден жүйесін цифрландыру мәселелерін бірлесіп іске асыруға уағдаласты. Президент бұл қадамдар елдер арасындағы көлік байланысын одан әрі нығайтатынына сенім білдірді.

Энергетика саласында да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Тоқаев «Ресей – Қазақстан – Өзбекстан» газ жобасының табысты жүріп жатқанын атап өтті. Тараптар көгілдір отынды тасымалдау көлемін арттыруға, мұнай және атом өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Сондай-ақ су энергетикасы саласындағы әлеуетті үйлестіру, су ресурстарын басқаруға цифрлық шешімдер енгізу, мониторинг жүйесін бірлесе дамыту мәселелері күн тәртібінде тұр. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытында да өзара жобаларды түйістіріп, бүкіл Орталық Азияға мультипликативті әсер беретін бастамалар қолға алынбақ.

Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселесі де ерекше аталды. Мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, шығармашылық өкілдерінің байланысын кеңейту, ұлы тұлғаларға ескерткіштер орнату – осының бәрі бауырлас халықтар бірлігін күшейтуге бағытталған. Білім мен ғылым саласында университеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыру, академиялық алмасу бағдарламаларын көбейту, бірлескен ғылыми форумдар мен тағылымдамаларды ұйымдастыру жоспарланған. Былтыр екі елдің жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, жастар арасындағы байланыс жаңа деңгейге шыққаны да айтылды.

Туризм саласы да өз алдына бөлек әңгіме болды. Қазіргі уақытта Өзбекстанның бай мәдени-тарихи мұраларына қазақстандық туристер тарапынан зор қызығушылық бар. Тоқаевтың айтуынша, былтыр Өзбекстанға барған қазақ туристерінің саны 3 миллионға жуықтаған. Осы әлеуетті одан әрі ашу үшін екі ел үкіметтеріне бірлескен туристік жобаларды дамыту, жаңа бағыттар мен ортақ турөнімдерді қалыптастыру тапсырылды.

Аймақтық және жаһандық күн тәртібі бойынша да президенттердің ұстанымы үндес екені тағы бір мәрте расталды. Келіссөздерде Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдық ретінде аталды. Ертең өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 7-консультативтік кездесуі алдағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деп күтілуде. Тоқаев Өзбекстанның төрағалығы аясында қабылданған маңызды құжаттар өңірлік форматтың нормативтік-құқықтық және институционалдық негізін нығайтқанын атап өтті.

Сөзінің қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер нәтижесіне толық көңілі толатынын айтып, өзбек Президентіне тағы да ерекше қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев Тоқаевтың сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар деңгейінің жоғары екенін тағы бір дәлелдегенін айтты. Оның айтуынша, қол жеткізілген келісімдер серіктестікті нақты мазмұнмен толықтырып, жаңа бірлескен жобаларға жол ашады және екі елдің дамуына берік негіз қалайды.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёев стратегиялық серіктестік Қазақстан Өзбекстан Ташкент сапары