Абай облысында қаржыгерлерге құрмет көрсетілді
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысында қаржыгерлерге құрмет көрсетілді

Семейде Ұлттық валюта – теңге күні мен қаржыгерлердің кәсіби мерекесіне орай Абай облысының үздік мамандары марапатталды. Аймақ басшысы Берік Уәли саланың дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіріп, өңір экономикасының қазіргі жетістіктерін атап өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі.

Салтанатты жиында облыс әкімі қаржы жүйесінің ел дамуы үшін маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тиімді қаржы саясаты жаңа жобалардың жүзеге асуына, инфрақұрылымның жаңаруына және халықтың тұрмысын жақсартуға тікелей әсер етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық реформалары да осы мақсатқа – халық әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын еске салды. Берік Уәли қаржыгер мамандығы жоғары жауапкершілік пен терең білімді талап ететінін, олардың кәсіби шеберлігі мен әділдігі өңірдегі қаржылық тәртіпті нығайтып отырғанын айтты.

Марапаттау рәсімінде бірқатар мамандардың еңбегі республика деңгейінде мойындалды. Жаңасемей ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айсұлу Ахметжанова Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін иеленді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ақбота Тұңғышханқызы мен осы басқарманың бөлім басшысы Әсем Жұматова Ұлттық экономика министрлігінің «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар облыстық қаржы басқармасының бөлім басшысы Лаура Жұманова Қаржы министрлігінің Алғыс хатын алды. Абай облысы бойынша қазынашылық департаментінің зейнеткері Саят Ақмолдин мен «Отбасы банкінің» облыстық филиалының директоры Равиль Сәбитовке, сондай-ақ бірқатар өзге де азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл марапаттар қаржы саласында ұзақ жыл еңбек еткен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан мамандарға деген құрметтің көрінісі.

Жиында Абай облысының негізгі экономикалық көрсеткіштері де айтылды. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны оң динамиканы сақтап отыр. Мемлекеттік бюджетке облыстан 441,4 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түскен, оның 316,7 млрд теңгесі – республикалық, 124,7 млрд теңгесі – жергілікті бюджетке түскен түсімдер. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 137,3 пайыздық өсімді көрсетеді.