Төлқұжаты жоғалған 10 жасар баланың ісі: Air Astana жауапкершілікке тартылды
Air Astana әуекомпаниясының салғырттығы салдарынан 10 жасар бала Түркиядағы әуежайда екі күн бойы жалғыз қалған. Бұл оқиғаға байланысты сот баланың анасының талап-арызын қанағаттандырып, әуе тасымалдаушыны материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Заңгер Данилхан Шағатаевтың айтуынша, бұл жағдай 2024 жылдың желтоқсан айында орын алған. Бала бес оқушының қатарында әуекомпания қызметкерлерінің бақылауымен Түркияға аттанған. Алайда шетелге жеткен кезде оның төлқұжаты табылмай қалып, уақытша құжат дайындалғанша депортация бөлмесінде екі күн өткізуге мәжбүр болған.
Air Astana компаниясы өз позициясында кәмелетке толмаған жолаушылардың құжаттарын сақтау – ата-анасының немесе жолаушының жауапкершілігі деп мәлімдеген. Бірақ баланың анасы бұл уәжбен келіспей, сотқа жүгінді.
Сот барысында бірнеше куәгерден жауап алынған, олардың қатарында Түркиядағы жолсеріктер мен жерүсті қызметкерлері де бар. Тергеу нәтижесінде баланың сапарға қажетті құжаттарының бар екені расталды, ал әуекомпания тарапынан құжаттарды тексеру және бақылау бойынша міндеттер орындалмағаны анықталған.
Нәтижесінде, сот Air Astana-ны жаңа төлқұжат рәсімдеуге, қосымша әуе билеттерін сатып алуға кеткен шығындарды өтеуге, сондай-ақ баланың және анасының моральдық зардабы үшін 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.