Астанада Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылады

24 желтоқсан, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Астанада Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған жиында елдің әр өңірінен келген үздік өндіріс мамандары, еңбек әулеттері мен жас жұмысшылар марапатталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Парламент депутаттары және бірқатар ұйым өкілдері қатысты. Салтанат жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге бағытталған жылдық жұмыстың қорытындысы ретінде өтті. Жиынға еңбек ардагерлері мен байқау жеңімпаздары арнайы шақырылды.

Марапаттау рәсімінде Аида Балаева мемлекеттік наградаларды табыстады. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені (4 адам), III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені (9 адам), «Ерен еңбегі үшін» медалі (4 адам) берілді. Сондай-ақ «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауының жеңімпаздары да осы сәтте құрметке ие болды.

Ал Алексей Цой «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл байқау жыл сайын екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Үш номинация бойынша оза шапқандар анықталады: «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас қызметкері».

Биыл жергілікті атқарушы органдар конкурсқа қатысуға 546 өтінім қабылдаған. Оның ішінде «Үздік еңбек әулеті» бойынша – 112, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» бойынша – 212, «Өндірістің үздік жас қызметкері» бойынша – 221 өтінім түскен. Өңірлік кезеңде жеңімпаздарды әкім орынбасарлары төрағалық ететін комиссиялар анықтаса, республикалық кезеңде Еңбек министрлігі жанындағы комиссия шешім шығарған. Комиссия құрамында депутаттар, әлеуметтік әріптестер, «Атамекен» ҰКП және «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері болған.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясында Шығыс Қазақстан облысынан Деминдер әулеті жеңіске жетті (Риддердегі «Казцинк» ЖШС тау-кен металлургия кешені). Екінші орын Қарағанды облысынан Волокитиндер әулетіне бұйырды («Qarmet» АҚ). Үшінші орынды Түркістан облысынан Дербисовтар әулеті иеленді («Қазақстан темір жолы» АҚ).

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында Қостанай облысынан Ришат Фасхутдинов үздік деп танылды (Қостанай жылу энергетикалық компаниясы, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер, 65 жаста). Екінші орын Ақмола облысынан Дулат Құрманбековке берілді («Қазақтелеком» АҚ электромонтері, 62 жаста). Үшінші орын Солтүстік Қазақстан облысынан Асылтас Кабошеваға бұйырды (металл конструкцияларын құрастыру зауытының 3-разрядты слесарі, 59 жаста).

«Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясында Алматы облысынан Дильфуза Бақытжанова жеңімпаз атанды («Фирма «Бент» ЖШС краншысы, 19 жаста). Екінші орын Абай облысынан Айбар Айдарұлына берілді («Востокцветмет» ЖШС тау-кен шебері, 26 жас). Үшінші орынды Ақмола облысынан Аяжан Жамкенова алды («Семізбай» ЖШС 5-разрядты химиялық талдау зертханашысы, 22 жас).

Салтанатты шарада «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Жұмысшы жастар аманаты» жобасының 10 қатысушысын құрмет грамоталарымен марапаттады. Жиын соңында Ерлан Қарин де бірқатар еңбек адамдарына мемлекеттік наградалар табыс етті: «Құрмет» ордені (7 адам), III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені (6 адам), «Ерен еңбегі үшін» медалі (6 адам) және «Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының қайраткері» құрметті атағы (1 адам).

Қатысушылар үшін ЕХРО конгресс-орталығы фойесінде жыл бойғы жұмыстардың қорытындысы қойылған көрме ұйымдастырылды. Мұнда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту министрліктері және бірқатар ұйымдардың экспозициялары ұсынылды. Сонымен қатар LED-көрме мен «Еңбек жолы» байқауы және «Жұмысшы жастар аманаты» жобасы қатысушыларын танытатын фотоинсталляциялар көпшілік назарына шықты.

Тэгтер:

еңбек жолы Жұмысшы мамандықтар жылы Ерлік пен еңбек дастаны еңбек әулеттері мемлекеттік наградалар