Шерзат ісі: Сотта шындық айтылды. Абзал Шынасыл кімге, не үшін уәде бергенін жеткізді
Сот трансляциясынан алынған кадр: айыпталушы Абзал Шынасыл

Шерзат ісі: Сотта шындық айтылды. Абзал Шынасыл кімге, не үшін уәде бергенін жеткізді

21 мамыр күні Шерзаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот процесінде басты күдіктілердің бірі Абзал Шынасыл алғашқы рет тергеу барысындағы жағдайлар мен өз әрекеттері туралы ашық мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктілер арасында тергеу басталмай тұрып, кінәні бір адам мойнына алу жөнінде келісім болған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Абзал Шынасыл өз жауабында полиция басқармасында тергеушілер тарапынан қысым болғанын айтты. "Бір адам мойнына алсын, әйтпесе бәріңе ауыр болады" деген сөздерден кейін, бірге жүрген достарымен ақылдасып, пышақ өзінде болғандықтан жауапкершілікті мойнына алуға келіскен.

«Қапшағайға апармай тұрып бәріміз сөйлесіп үлгердік. Сол кезде "Шерзатты мен мойныма аламын" деп айттым», – деді ол. Сондай-ақ ол оқиға орнында екі пышақ табылғанын тергеу барысында естігенін, бірақ бастапқыда бұған күмәнмен қарағанын жеткізді.

Абзал Шынасыл алғашқы тергеу кезінде берген жауабын кейін қайта қарап, желтоқсанда екінші мәрте шынайы жауап беруге шешім қабылдаған. Оның айтуынша, Шерзатқа пышақ салмаған, бірақ Нұрқанаттың жамбасынан пышақпен ұрғанын мойындайды.

«Ол кезде ашу үстінде әрекет жасалды. Құймышақ тұсын таңдадым, яғни жұмсақ жерге тиді. Өлтіру ниетім болмады. Қазір бұл үшін қатты өкінемін», – деді сотта Абзал.

Сондай-ақ, ол оқиғадан соң өзін тыныштандыру үшін Дана Жақсыкелді қан болған пышақты жуып бергенін және сусын ұсынғанын да атап өтті.

Айта кетейік, оған ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу) және 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау) бойынша айып тағылған.

Бұған дейін 16 мамырда осы іске байланысты сотта жауап берген Шыңғыс Белқожаев та өз кінәсін ішінара мойындап, Шерзатқа соққы жасағанын, алайда бастапқыда оны басқа адам деп ойлағанын мәлімдеген болатын.