Берік Уәли Жаңа жыл қарсаңында Семейдегі арнайы мектеп-интернаттарды аралап, балаларға қандай көмек керегін көзбен көрді
Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы арнайы мектеп-интернаттар мен балаларды қолдау орталығына барып, тәрбиеленушілер мен ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы алдымен нашар еститін балалар оқитын №4 арнайы мектеп-интернатына барды. Бұл білім ордасы 100 орынға шақталған, қазір мұнда 80 оқушы оқиды, оның 67-сі мүгедектігі бар балалар. Интернатта 17 комплект сынып жұмыс істейді, 49 педагог еңбек етеді, олардың 14-і тәрбиелеуші ұстаздар.
Фото: Абай облысының әкімдігі
Мекемеде 65 орынды бейімделген жатын корпус, 21 оқу кабинеті, 6 логопед кабинеті, қыздар мен ұлдарға арналған оқу шеберханалары, есту қабілетін жетілдіру кабинеті, бейімделген спорт залы, кітапхана, 90 орындық асхана және медициналық пункт қарастырылған. Спорт бағыты да назардан тыс емес: осы мектептің түлегі Данияр Тайменов қол күресінен сегіз дүркін әлем және жиырма дүркін Азия чемпионы атанған.
Одан кейін облыс әкімі арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына барды. Бұл орталық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қиын өмірлік жағдайда жүрген балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, дамуына жағдай жасауға бағытталған. Мұнда 72 тәрбиеленуші бар, балалар Семейдегі №20, №27 және №35 мектептерде білім алады.
Фото: Абай облысының әкімдігі
Орталықта 75 орындық асхана, педагог-психолог кабинеттері, қыздарға арналған қол еңбегі кабинеті, ұлдарға арналған жеке шеберхана, «Интеллектум» танымдық дамыту кабинеті, бейнелеу өнері студиясы, вокал және логопед кабинеттері, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу бөлмелері, медициналық пункт, кітапхана, күрес залы, шағын тренажер залы мен демалыс аймағы бар. Кездесу барысында қызметкерлер спорт залының қолайсыз екенін айтып, осы мәселені шешуге жәрдем сұраған.
Облыс әкімі бұл өтінішке нақты жауап берді: «Интернатты аралағанда спорт залдың өте тар екенін байқадым. Жобасын дайындап, ұсыныңыздар. Спорт залын салуға көмектесеміз», – деді ол.

Фото: Абай облысының әкімдігі
Аймақ басшысы сондай-ақ №5 арнайы мектеп-интернатының жұмысымен танысты. Бұл мекемеде есту қабілеті бұзылған, естімейтін және сөйлеу тілінде ауыр бұзылыстары бар балалар оқып, тәрбиеленеді. Қазір мұнда 129 оқушы білім алады, соның 43-і мүгедектігі бар балалар қатарында, 21 оқу сыныбы жұмыс істейді.
Оқушылардың білім алуы мен тәрбиесіне 76 педагог жауапты. Арнайы педагогтар, дефектологтар, логопедтер мен бейінді мамандар балалардың жеке ерекшелігін ескере отырып, түзету-дамыту бағдарламаларын жүргізеді. Мектеп-интернатта 27 оқу кабинеті, 11 жатын бөлме, спорт залы, кітапхана, 80 орындық акт залы, 110 орындық асхана және медициналық пункт бар.
Фото: Абай облысының әкімдігі
Сапар барысында әкім әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерімен және тәрбиеленушілермен тілдесіп, балалардың өнерін тамашалап, мерекелік құттықтауын жеткізді. «Өздеріңізбен Жаңа жыл қарсаңында қауышып, кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Президент тапсырмасына сәйкес сіздерге облыс тарапынан барлық жағдайды жасап, тиісті көмек көрсетуді алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Сіздер – Абай облысының ғана емес, еліміздің ертеңі, Қазақстанның болашағысыздар», – деді ол.
Кездесу соңында облыс әкімі мекемелердің қажеттіліктерін ескеріп, №4 арнайы мектеп-интернатына екі ноутбук, балаларды қолдау орталығына өнеркәсіптік қамыр илеу құрылғысын, №5 арнайы мектеп-инернатына интерактивті тақта сыйға тартты. Сонымен бірге осы үш мекемеде тәрбиеленіп жатқан 274 балаға бірдей үлгідегі жаңа жылдық тәтті сыйлықтар үлестірілді, мұндай тартулар облыстағы өзге 5 әлеуметтік мекемеге де жеткізілген.