Президент Tanym көпфункционалды кешенін аралап көрді
Фото: Ақорда

Президент Tanym көпфункционалды кешенін аралап көрді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Tanym» көпфункционалды кешенін аралап, балаларға арналған білім, спорт және шығармашылық кеңістіктердің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Мемлекет басшысы оқу сыныптарын, хореографиялық залды, коворкинг-орталықты, сондай-ақ жасанды интеллектінің инновациялық жүйесі енгізілген жүзу бассейнін көрді. Бұдан бөлек, кеме модельдеу шеберханасы, театр өнері студиясы мен спорт залдың мүмкіндіктеріне назар аударды. Кешеннің әр бөлігі балалардың қызығушылығын оятып, дағдысын практика арқылы дамытуға бағытталған.

Бұл орталық 750 балаға қызмет көрсетуге есептелген. Мұндағы мақсат – балалар мен жастардың талантын шыңдап, көшбасшылық қабілетін, ғылыми ойлау жүйесін және шығармашылық әлеуетін күшейту. Жоба заманауи білім мен технологияны, мәдениет пен спортты қолжетімді ету идеясын алға шығарады.

Қазір кешенде 100-ден астам жоғары білікті педагог еңбек етеді. Президент ұстаздармен және оқушылармен әңгімелесіп, балалар мен жастар шығармашылығын дамытуға ерекше мән берді. Кездесу соңында жастарға табыс тілеп, мұндай орталықтардың келешек үшін маңызы зор екенін атап өтті.