Президент Инклюзивті спорт орталығын аралап көрді

24 желтоқсан, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Тоқаев Астанадағы Инклюзивті спорт орталығына барып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа кешеннің жұмысын көрді. Бұл нысан спорт, медицина, оңалту және білім беру инфрақұрылымын бір жерге тоғыстырған алғашқы жоба, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Елордада мүмкіндігі шектеулі 42 мыңға жуық азамат тұрады. Олардың басым бөлігі – балалар, жастар және еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар. Президентке орталықта тұрақты спортпен айналысуға, оңалту курсынан өтуге және қоғамға бейімделуге жағдай жасалғаны айтылды.

Кешенде көп функционалды спорт залы, реабилитация блогы, 15 медициналық кабинет және конференц-зал қарастырылған. Сонымен бірге алты бөлмелі қонақ үй секторы бар: оқу-жаттығу жиыны, жарыс немесе білім беру бағдарламалары кезінде параспортшылар осы жерде орналаса алады.

Орталықта спорттың 12 бейімделген түрі бойынша жаттығу жүргізіледі. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін спорт және білім саласының мамандарын даярлауға айрықша мән берілетіні атап өтілді. Мамандардың біліктілігін арттыру – инклюзивті орта құрудағы ең маңызды қадамдардың бірі саналады.

Тэгтер:

Астана Тоқаев Инклюзивті спорт орталығы оңалту параспортшылар