Автобус жүргізушісі жағымсыз иісіне бола егде жастағы әйелді көліктен түсіріп тастаған (видео)
Фото: Бейнежазбадан кескін

Автобус жүргізушісі жағымсыз иісіне бола егде жастағы әйелді көліктен түсіріп тастаған (видео)

Алматыда №118 бағыттағы автобуста жүргізуші жағымсыз иісіне бола егде жастағы әйелді аялдамалардың бірінде автобустан түсіріп тастаған. Бейнеге түсіп қалған оқиға желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, автобус салонында бір сәтте қатты жағымсыз иіс сезіле бастаған. Алғашында жолаушылар иіс сырттан кіріп тұр деп ойлаған, бірақ уақыт өте келе бірнеше адам қатарынан шағым айтқан. Кейін иістің салонда отырған қариядан шығып жатқаны белгілі болғаны жазылды.

Жолаушылардың өтініші көбейгеннен кейін жүргізуші әйелді аялдамалардың бірінде түсіруге мәжбүр болған. Осыдан соң оқиғаға қатысты автопарк өкілдері де пікір білдіріп, жүргізушінің әрекетін заң талаптарымен түсіндірді.

Автопарк мәліметінше, жолаушының салонда болуы айналасындағыларға анық қолайсыздық туғызса немесе санитарлық талаптарды бұзса, жүргізуші мұндай жағдайға әрекет етуі тиіс. Олардың сөзінше, бұл жолы да бірнеше мәрте шағым түскеннен кейін шешім қабылданған. Сондай-ақ өкілдер «жүргізуші сыпайы әрі дұрыс әрекет етті, заңбұзушылық болған жоқ» деген уәж айтты.

Ал әлеуметтік желіде пікір екіге жарылды. Бірі «басқа жолаушылардың жайлылығы да маңызды» деп, жүргізушіні жақтаса, енді бірі «қарияның жағдайын ескеріп, алдымен көмек көрсету керек еді» деген ой білдірді. Кей қолданушылар мұндай сәттерде қоғамдық көлікте әлеуметтік қолдаудың, мәдениетті қарым-қатынастың жетіспей қалатынын да атап өтті.