Абай облысына 500 млн долларлық ферросилиций зауыты салынуы мүмкін
Абай облысының әкімі Берік Уәли «Kazakhstan Silicon Alloys» компаниясының басқарушы директоры Паниграхи Бхакта Кишор бастаған шетелдік делегациямен кездесті, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде инвесторлар Семей және Курчатов қалаларында ферросилиций өндіретін зауыт салуға қызығушылық танытқанын айтты. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 500 миллион АҚШ долларын құрайды.
Шетелдік тарап өндірісті іске қосу үшін 100 гектар жер телімі мен қажетті инфрақұрылым керек екенін жеткізді. Айтуларынша, зауыт жұмысы озық экологиялық стандарттарға сай жүргізіледі.
Берік Уәли жобаны бірлесе жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Абай облысы логистика тұрғысынан да, өндірістік мүмкіндік жағынан да қолайлы өңір саналады.
«Курчатов қаласының болашағы зор. Семейде жаңа ықшам ауданның құрылысы басталып жатыр. Өңірде заманауи зауыттың салынғанын қалаймыз. Облыс әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – деді аймақ басшысы.