Абай облысында спорт саласының үздіктері марапатталды
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысында спорт саласының үздіктері марапатталды

Семейде өткен «Жыл үздігі – 2025» кешінде Абай облысының ең үздік спортшылары мен сала мамандары бір сахнада бас қосты. Шарада өңір спортының бір жылдық қорытындысы шығарылып, үздіктерге арнайы марапаттар табысталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Берік Уәли, спорт ардагерлері, халықаралық және республикалық жарыстарда ел намысын қорғаған спортшылар, жаттықтырушылар және спорт ұйымдарының өкілдері қатысты. Дәстүрге айналған бұл шара өңірде спортты дамытуға үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалап, жетістіктерін көпшілікке танытуға бағытталғаны айтылды.

Аймақ басшысы сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында айтқан спортты, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен дәріптеу туралы пікірін еске салды. Соған сай 2025 жыл Абай облысы үшін бұқаралық спортты жүйелі дамыту, инфрақұрылымды күшейту және бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлау тұрғысынан нәтижелі өткенін атап өтті. Жыл бойы қала мен ауыл тұрғындарын, жастарды, еңбек ұжымдары мен ардагерлерді қамтыған түрлі деңгейдегі спорттық-бұқаралық жобалар жүзеге асқан.

Өңір спортының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін бір маңызды дерек — ересектер арасында дзюдо мен бокстан Қазақстан чемпионаттарының Абай облысында соңғы 30 жылда алғаш рет өтуі. Бұл тек жарыс өткізу ғана емес, ұйымдастырушылық әлеует пен спорттық инфрақұрылымның да бекігенін аңғартады.

Кеш барысында үздік спортшылар бірнеше аталым бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «2025 жылдың жазғы олимпиадалық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «үздік жас спортшысы», «қысқы олимпиадалық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «сурдлимпиадалық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «паралимпиадалық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «үздік аудан спортшысы», «ұлттық спорт түрлерінің үздік спортшысы», «ұлттық спорт түрлерінің үздік жас спортшысы», «көрермен көзайымы» және «2025 жыл жаңалығы» аталымдары иелерін тапты. Сонымен қатар Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты және Азия ойындарының жеңімпаз-жүлдегерлері мен олардың бапкерлеріне де құрмет көрсетілді.

Шараның есте қалар сәттерінің бірі — 25-ші Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Алтынбек Кәкітаев пен Айым Жетпісбаеваға 1 бөлмелі пәтер кілтінің табысталуы. Бұл өңірде жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды нақты қолдау тетігі күшейіп келе жатқанын аңғартты.

2025 жыл қорытындысы бойынша облыс дзюдошылары Қазақстан чемпионатында 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтаған. Ал командалық жарыста өңір құрамасы жеңімпаз атанды. Бокстан Қазақстан чемпионатында да абайлық спортшылар 1 алтын және 1 қола медаль иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті.

Инфрақұрылым бағытындағы жаңалық та назардан тыс қалмады. «Туған жерге туынды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласының әкімдігі мен «KAZ Minerals» ЖШС арасында меморандум жасалып, 25 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы басталғаны айтылды. Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын салып беруге ниетті екені де хабарланды.

Жылдың тағы бір айрықша жетістігі — жерлесіміз Әмірғали Мұратбековтің Шортандыда өткен ҚР Кубогінде скиатлон (20 шақырым) және масс-старт (30 шақырым) жарыстарында жеңімпаз атанып, Италияның Милан мен Кортин қалаларында өтетін 25-ші Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алуы.