Абай облысы Жаңасемей ауданындағы Шаған кентінде алғаш рет орталық су құбыры іске қосылды. Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, бұл жоба өңірде жүзеге асып жатқан ауызсу бастамаларының бір бөлігі екенін айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Шаған кенті облыс орталығынан 75 шақырым жерде орналасқан, мұнда 569 адам тұрады. Су құбыры желілерінің құрылысы былтыр басталып, биыл толық аяқталған. Жоба елді мекенді сапалы ауыз сумен толық қамтып қана қоймай, өрт қауіпсіздігін күшейтуге де жол ашып отыр.
Жоба аясында 1 және 2 көтергіш сорғы станциялары, КТПН қондырғысы, су тазарту жүйесі, таза суға арналған резервуарлар салынды. Сонымен бірге жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайтын су құбыры желілері тартылды. Бұған дейін кентте орталықтандырылған су мүлде болмағандықтан, тұрғындар суды ұңғымалар мен колонкалардан тасып келген.
Ашылу рәсімінде аймақ басшысы ауылға арнайы жаңа жыл қарсаңында келгенін айтып, өңірде ауызсуға қатысты 33 жоба қатар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Ол Шағанның жол бойында орналасуы, Курчатов қаласына жақындығы ауылдың мүмкіндігін арттыратынын жеткізді. Сондай-ақ кенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанып, үздік 20 ауыл қатарына енгенін еске салды.
Тұрғындар да көптен күткен судың келуін қуанышпен қабылдады. Ауыл тұрғыны Әсемгүл Семізбаева елді мекенде жарық, жол бар екенін, енді су да толық шешілгенін айтып, атқарылған жұмыстарға ризашылық білдірді. Айта кетейік, биыл Жаңасемей ауданының Алғабас және Приречное ауылдарына да ауыз су берілген.