МӘМС жүйесі өзгерді: Енді жұмыстан шыққандар да медициналық көмексіз қалмайды
https://vk.com/kstnews

МӘМС жүйесі өзгерді: Енді жұмыстан шыққандар да медициналық көмексіз қалмайды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне енгізілген өзгерістер мен маңызды жаңалықтар туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Айтуынша, МӘМС туралы заң жобасы бастапқыда жетілдіруді қажет ететін құжат болған. Тегін медициналық көмекті қысқарту арқылы мемлекет шығынын азайтып, негізгі салмақты жұмыс беруші мен қызметкерге жүктеу ұсынылған. Бұл – әлеуметтік теңсіздік туындататын қауіп еді.

Бірақ депутаттар бір жарым ай ішінде құжатқа бірнеше маңызды түзету енгізіп, халық үшін тиімді шешімдерге қол жеткізді.

Енді не өзгереді?

Мәртебе сақталады: Егер азамат бірнеше жыл бойы үздіксіз жарна төлеп келсе, ол жарна төлемей қалған күндері үшін де 6 айға дейін медициналық көмектен айырылмайды. Бұл – мұғалімдер мен тұрақты жұмысы бар азаматтар үшін үлкен жеңілдік.

Жеке клиникаларда күрделі оталар жасалады: Бұрын тек мемлекеттік ауруханаларда жасалатын кератопластика мен трансплантация секілді күрделі оталар енді лицензиясы бар жекеменшік емханаларда да қолжетімді болады. Бұл көмектің жеделдігі мен қолжетімділігін арттырады.

МӘМС болмаса да, алғашқы көмек сақталады: Емханаға тіркеліп, қарапайым анализ тапсыру, ЭКГ, УЗИ өту, онкология, ВИЧ, туберкулез секілді әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша көмек алу мүмкіндігі кез келген азамат үшін сақталады.

Есеп берудің ашықтығы: Енді МӘМС қоры мен осы жүйе арқылы қаржыландырылатын емханалар әр тоқсан сайын ашық есеп беруге міндетті.

Жарна жүктемесі шектеледі: Алғашқы ұсыныс бойынша жарна көлемі 50 ЕТЖ-ге дейін болуы тиіс еді. Қазір бұл шек төмендетіліп, жұмыс берушілер үшін 40 ЕТЖ, ал жұмысшылар үшін 20 ЕТЖ көлемінен аспайтын болды.

Жылдам тексеру және бақылау: Бұдан былай Денсаулық сақтау министрлігі халық шағымдарына немесе БАҚ-тағы жарияланымдарға сүйене отырып, жоспардан тыс тексеріс жүргізе алады. Бұрын бұл ұзақ және күрделі процесс болатын.

Асхат Аймағамбетов бұл өзгерістерді Президенттің тікелей тапсырмасымен орындалып жатқан алғашқы маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті. Алдағы жазбасында МӘМС жүйесінде әлі де шешілмеген мәселелер туралы бөлісетінін жеткізді.