Елге оралған 14,8 мың қазақ: қандастар қай өңірге көбірек қоныстанып жатыр?
2025 жылдың басынан бері 14 828 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, «қандас» мәртебесін алды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік дерегінше, 1991 жылдан бері Қазақстанға келген этникалық қазақтардың жалпы саны 1 млн 162,9 мыңға жеткен. Биыл елге көшіп келген қандастардың басым бөлігі Өзбекстаннан (44,5%) және Қытайдан (43,6%) қоныс аударған. Бұдан бөлек, Түрікменстаннан – 4,1%, Моңғолиядан – 3%, Ресейден – 2,5% және өзге елдерден – 2,3% келген.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қоныс аударған этникалық қазақтардың 57,4%-ы еңбекке қабілетті жаста. Еңбекке қабілетті жастан кіші азаматтар үлесі – 34%, ал зейнеткерлер – 8,6%. Бұл көрсеткіштер көштің негізгі салмағы еңбек нарығы мен демографиялық өсімге тікелей әсер ететін топтарға түсіп тұрғанын аңғартады.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейіне келсек, 15%-ы жоғары білімді, 27,6%-ы орта кәсіби білімді. 51,1%-ының жалпы орта білімі бар, ал 6,3%-ы білім алмағаны көрсетілген. Яғни, келген азаматтардың едәуір бөлігі еңбекке араласуға дайын, бірақ біліктілікті арттыру мен бейімдеу жұмыстарының да маңызы сақталады.
Қандастар еліміздің әр өңіріне қоныстанып жатыр. Дегенмен халықты қоныстандыруда еңбек күші тапшы аймақтарға басымдық берілетіні айтылады. Мұндай өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары аталды.
Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша осы өңірлерге 2 218 қандас қоныс аударған. Бұл жоспардың едәуір бөлігі орындалғанын көрсетеді.
Мемлекет тарапынан қолдау шаралары да нақты көрсетілген. Қоныстандыру өңірлеріне барған қандастарға көшуге субсидия бір мезгілде отағасына және отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде беріледі. Сондай-ақ тұрғын үй жалдау және коммуналдық төлемдер үшін бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін) көмек қарастырылған.
Жыл басынан бері 1279 қандасқа әртүрлі қолдау көрсетіліп, соның ішінде 356 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аударуды күшейту үшін жұмыс берушілерді қолдауға бағытталған институционалдық шаралар енгізілген. Атап айтқанда, тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотеканың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ына дейін немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде ұсынылады.