Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин төрағалық еткен республикалық комиссия отырысында «Болашақ» бағдарламасына қатысты бірқатар маңызды шешім қабылданды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Биыл «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсының ережелері өзгеріп, іріктеу үш кезеңге бөлінді. Үміткерлер алдымен кешенді тестілеуден өтеді, одан кейін сұхбаттасады, соңында Республикалық комиссия ең жоғары ұпай жинаған қатысушыларды іріктейді. Тағы бір жаңалық – бір күнтізбелік жыл ішінде конкурсқа қайта қатысуға мүмкіндік берілді. Бұл әлеуетті үміткерлер санын көбейтіп, бағдарламада бағын сынап көруге қосымша жол ашпақ.
Комиссия қорытындысы бойынша 225 азаматқа халықаралық «Болашақ» стипендиясын беру туралы шешім қабылданды. Орта есеппен бір орынға 4 үміткерден келгені айтылды. Сонымен бірге шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарға қойылатын талап та жаңарды: олар міндетті түрде беделді халықаралық рейтингтердің үздік жүздігіне енуі керек. Бұл талап «Болашақ» аясындағы академиялық білім сапасын күшейтуге бағытталған.
Жаңа стипендианттардың 152-сі магистратурада, 16-ы докторантурада білім алады. Ал 57 отандасымыз шетелдік университеттер мен орталықтарда кәсіби тағылымдамадан өтпек. Бұдан бөлек, 182 азамат әлемнің жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуге грант иеленді. Іріктеу сапасын арттыру үшін үміткерлерден беделді басылымдардағы ғылыми мақалалар немесе халықаралық патенттер секілді нақты нәтижелер талап етілетіні көрсетілді.
Отырыс барысында 2026 жылы кәсіби тағылымдамадан өтушілер үшін «Жасанды интеллект жүйесін пайдаланушылар» деген жаңа санат бекітілді. Экономиканың түрлі саласын жаппай цифрландыру жағдайында жасанды интеллект құзыреттерін дамыту ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды бөлігі ретінде аталды. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап магистратура, докторантура және тағылымдама бағыттары бойынша атом энергетикасы саласына арналған арнайы санат енгізілмек. Бұл бағытқа жыл сайын 20 квота бөлініп, отандық атом өнеркәсібіне қажет білікті кадрларды дер кезінде даярлауға мүмкіндік бермек.
Жалпы жаратылыстану-техникалық бағыттағы «Болашақ» стипендияларының үлесі 2022 жылғы 59,2 пайыздан 2025 жылы 70 пайызға дейін өскені айтылды. Инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша ғылыми тағылымдамаларға берілген стипендиялар үлесі де 46 пайыздан 72,4 пайызға дейін артқан. Отырыс соңында Ерлан Қарин бағдарламаны одан әрі іске асыру және жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар бергені хабарланды.