Қазақстанда ЦОН мен 1414 арқылы көрсетілетін бірқатар қызмет ақылы форматқа ауысып, кей сервистер мүлде тізімнен алынып тасталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәліметке қарағанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (НАО) контакт-орталыққа қатысты коммерциялық қызметтерді ақылы негізге енгізген. Жаңартылған тізімде әкімшілік органдарға контакт-орталық қызметтерін ақылы түрде ұсыну қарастырылған.
Сондай-ақ 1414 нөміріне қолжетімділік және оны техникалық сүйемелдеу де ақылы қызмет ретінде көрсетіледі. Бұдан бөлек, қоңыраулар қабылдау үшін контакт-орталық жүйесіне қосылу қызметі де төлеммен ұсынылмақ.
Ал кейбір консультациялық сервистер керісінше, тізімнен шығарылған. Олардың ішінде мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы берілетін дауысты және дауысыз кеңестер, видеоқоңырау арқылы қызмет көрсету, сондай-ақ биометриялық сәйкестендіруден өтпеген қызмет алушыларды модерациялау бар.
Қызметтердің бір бөлігі жаңа редакцияда қайта жазылғаны да айтылады. Онда кеңес беру және кейіннен техникалық қолдау бойынша өтінімдерді тіркеу, «Үйге барып қызмет көрсету» (выезд на дом) қызметі, сондай-ақ «шағым» және «пікір» санатындағы өтініштерді қабылдау тәртібі көрсетілген.
Құжат 2025 жылғы 23 желтоқсаннан бастап күшіне енген. Бұған дейін ЦОН-дардың азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді тоқтатқаны айтылған еді: енді тіркеу eGov.kz және eGov Mobile арқылы онлайн жасалады, ал тұрғын үй иелерінен растау 1414 арқылы SMS түрінде келеді.