2025 жылдың еліміздегі үздік спортшылары анықталды
Елордада ҚР Туризм және спорт министрлігінің дәстүрлі «Үздік-2025» марапаттау рәсімі өтіп, спорт саласындағы жылдың үздіктері арнайы сыйлықтармен ұлықталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Биылғы кеште ең әуелі көптің назарын аудартқан санат – «Жылдың үздік спортшылары». Қазылар алқасы түрлі спорт түріндегі халықаралық жетістікті негізге алып, бірден бірнеше чемпионның есімін атады. Әсіресе соңғы маусымдағы нәтижелер мен ел спортына қосқан үлес басты өлшем ретінде қарастырылған.
Жылдың үздік спортшылары ретінде:
Алуа Балқыбекова – бокстан екі дүркін әлем чемпионы;
Айдос Сұлтанғали – грек-рим күресінен 26 жылдан кейін әлем чемпионатының жеңімпазы;
Файна Мейірманова – жеңіл атлетикадан Сурдлимпиада ойындарының чемпионы атанды.
Үздік нәтиже әрдайым бапкер еңбегімен сабақтас. Сондықтан марапаттау рәсімінде жаттықтырушыларға да айрықша құрмет көрсетілді. Бұл санатта шәкіртінің жеңісіне тікелей үлес қосқан мамандардың аты аталды.
Жылдың үздік жаттықтырушылары:
Долкунжан Камеков – Алуа Балқыбекованың бапкері;
Ғабиден Райымбек – Айдос Сұлтанғалидың бапкері.
«Спорттағы үздік серпін» аталымында көпшілік әлеуеті мен қарқынына қарап бағаланатын спортшыларды көбірек сөз етеді. Биыл бұл атақ «Қайрат» клубының ойыншысы Дастан Сәтпаевқа бұйырғаны айтылды. Ұйымдастырушылар оның ойын барысындағы тұрақтылығы мен өсімін ерекше атап өткен.
Жастар мен жасөспірімдер арасындағы үздіктер қатарында да тың есімдер алға шықты. Әлемдік ареналарда тарихи нәтиже жасаған жас чемпиондардың жетістігі бірден назарға ілінді. Бұл бағытта үш спортшының есімі жарияланды.
Жастар мен жасөспірімдер арасындағы үздік спортшы:
Ақмарал Ерекешева – көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы;
Дінмұхаммед Раймқұлов – фристайл-акробатикадан тарихи әлем чемпионы;
Ксения Прозорова – ауыр атлетикадан әлем чемпионы.
Салалық көрсеткіштер бойынша да марапаттар берілді. «Жылдың үздік спорт федерациясы» атағын Қазақстан бокс федерациясы иеленді: мәліметте 2024 жылы 4 әлем чемпионатына қатысып, 13 алтын медаль алғаны көрсетілген. Ал «Спорттағы үздік өңір» ретінде Қызылорда облысы аталып, өңірде 11 мың көрерменге арналған футбол стадионы ашылғаны айтылды.
Марапат тізімінде спорт ұйымдары мен ауыл-аймақтағы мамандар да назардан тыс қалған жоқ. Жылдың үздік спорт ұйымы ретінде Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» аталды. Ауылдық жердегі үздік спорт нұсқаушы – Сержан Баденов (Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы), аудандық үздік бөлім – Қарқаралы ауданы (Қарағанды облысы, «Bugyly Trail» халықаралық жүгірісі ұйымдастырылғаны айтылды).
Бапкерлік мектепке қатысты аталымдар да жеке бағаланды. Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы – Владимир Шалыгин (Қостанай облысы), жылдың үздік балалар жаттықтырушысы – Хислат Мамметов (әйелдер күресінен U17 санатындағы әлем чемпионы Мадхия Усманованы тәрбиелеген). Сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман ретінде Астана қаласынан Мейрам Нуртазин аталды, ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру әдіскері – Алтынбек Сарбупин (Ақтөбе облысы).
Сала шежіресін жазып жүрген журналистер де марапатсыз қалмады. Сейдахмет Бердіқұлов атындағы үздік спорт журналистері ретінде Азат Смағұлов, Әсел Әбілбек, Тұран Қазанға есімдері аталды. Ұйымдастырушылар бұл аталымның спорттағы әділ баға мен кәсіби талдауды көтермелейтінін атап өтті.
Айта кетейік, былтыр, яғни 2024 жылы үздік спортшы атағына Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасына жалғыз алтынды сыйлаған дзюдошы Елдос Сметов және параспорттан Давид Дегтяров ие болған еді.