Halyk SuperApp «қатып» қалды: қазақстандықтар қосымшаға кіре алмай, төлем жасай алмады

5 қаңтар, 2026 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ашық дереккөзі / Halyk SuperApp

5 қаңтарда қазақстандықтар Halyk SuperApp қосымшасында ақау пайда болғанын айтып, әлеуметтік желіде жаппай шағымдана бастады. Клиенттер сервистерге кіре алмай, ақша аудару мен төлем операциялары тоқтап қалғанын жеткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Пайдаланушылардың айтуынша, таңертеңнен бері қосымшаға кіру қиындаған: авторизация кезінде жүйе «қате орын алды» деген ескертуді қайта-қайта шығара берген. Соның салдарынан кей азаматтар күнделікті төлемдерін өткізе алмай, банк қызметтерін уақытылы пайдалану мүмкіндігінен айырылғанын жазды. Әсіресе, бір реттік код, кіру терезесі немесе операцияны растау кезінде іркілістер жиі байқалғаны айтылды.

Желіде тараған скриншоттарда клиенттерге арналған хабарламада: «Біз көптеген сұранысты өңдеп жатырмыз. Өтінеміз, сәл кейінірек қайтадан байқап көріңіз. Қате орын алды. Сұранысты кейінірек қайталаңыз» деген мәтін көрсетілген. Бұл жағдай қолданушылар арасында «қосымша мүлде істемей қалды ма?» деген алаңдаушылықты күшейтті. Кейбірі мәселенің уақытша екеніне үміттенсе, енді бірі қауіпсіздікке қатысты сұрақтар да қойған.

Ал Halyk Bank өкілдері қосымшаның уақытша жұмыс істемеуіне техникалық шектеулер мен жүйеге түсетін жүктеменің артуы себеп болғанын мәлімдеді. Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамандар толыққанды қолжетімділікті қалпына келтіру үшін сервистерді тұрақтандыру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Сондай-ақ банк барлық ықтимал шара қабылданып жатқанын айтып, клиенттер мен серіктестерден түсіністік танытуды сұраған.

Тэгтер:

Halyk SuperApp Halyk Bank Халық банк неге жұмыс жасамай қалды