«Білім саласына қайта ораламын»: Асхат Аймағамбетов 2026 жылға қатысты жоспарларын айтты
Фото: instagram.com/aimagambetov/

«Білім саласына қайта ораламын»: Асхат Аймағамбетов 2026 жылға қатысты жоспарларын айтты

Асхат Аймағамбетов 2026 жылы білім мен ғылым тақырыптарын қайтадан белсенді талқылауға кірісетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда азаматтардың күнделікті өмірін нақты жеңілдетуге бағытталған заңдар топтамасы әзірленіп жатыр. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмалары аясындағы бірқатар маңызды бастамалармен ұштасады. Сондай-ақ ол кей жобалар бойынша Үкіметтегі әріптестерімен өзара түсіністік барын атап өтті. Толығырақ ақпаратты жақын арада жеке жазбаларда бөлісуге уәде берді.

Сонымен бірге ол білім мен ғылым саласына қатысты пікір айтуға қайта оралуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл бағыттан кеткеннен кейін үш-төрт жыл үзіліс алғанын, сол кезеңде бірден «жүйелі баға беруге асықпау дұрыс» деп санағанын жазды. Алайда уақыт өте келе ел алдында тұрған сын-қатерлердің ауқымы ұлғайғанын айтып, қазір үнсіз қалу «көмектеспеу» деген сөз екенін қадап айтты.

Аймағамбетов «Жасанды интеллект пен цифрландыру жылы» әлеуметтік сала үшін де айрықша мәнге ие екенін атап өтті. Оның ойынша, дәл қазір сырттан кәсіби көзқарас, салмақты талдау және нақты шешімдер мен идеялар ұсыну маңызды. Алдағы уақытта тек мәтінмен шектелмей, видео форматында да көбірек ақпарат беріп, қоғамды ашық әрі мазмұнды диалогқа шақыратынын мәлімдеді.