Президенттің тарихи шешімі: Бауыржан Момышұлының әулетіне Алтын жұлдыз табысталды

6 қаңтар, 2026 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Президент атынан Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Халық қаһарманы» атанған Бауыржан Момышұлының мұрагерлеріне Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырды. Марапат Алматыда батырдың келіні Зейнеп Ахметоваға және немересі Ержан Момышұлына табысталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Осы оқиғаның алғышарты 2025 жылдың соңында Жамбыл облысына жасалған жұмыс сапары кезінде белгілі болды. Сол жолы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешімін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған еді.

Ал енді сол шешім нақты мемлекеттік марапат табыстау рәсімімен жалғасын тапты. Ерлан Қарин батыр есімі халық жадында баяғыдан-ақ қаһарман ұғымымен қатар тұрғанын айтып, бұл қадам елдің ықыласын одан әрі күшейткенін жеткізді. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, «ең бастысы – көптен күткен тарихи әділдік қалпына келтірілді».

Салтанатты кездесуде Бауыржан Момышұлының өмір жолы мен ұстанымы жас ұрпақ үшін темірқазық екені де атап өтілді. Қайсар рух пен өр мінездің символына айналған тұлғаның тағылымы бүгінгі қоғамға да қажет: елге қызмет ету, жауапкершілік пен отаншылдық сияқты қасиеттер осындай тұлғалар арқылы шынайы мәнге ие болады.

Тэгтер:

Бауыржан Момышұлы Ерлан Қарин Халық қаһарманы Алтын жұлдыз Отан ордені