Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Меруерт Бижанова Оксфорд университетіне оқытушы-зерттеуші қызметіне тағайындалды. Оның білім жолы АҚШ-тағы оқуымен жалғасып, бүгінгі таңда әлемнің ең беделді университеттерінің біріне алып келді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Қоғамдық коммуникациялар орталығының мәліметіне сүйенсек, Меруерт 2019 жылы Ақтаудағы НЗМ-ді тәмамдаған. Одан кейін ол АҚШ-тағы Пенсильвания университетінде оқуын жалғастырып, өз бағытын ғылыммен ұштастырған. Айта кетейік, оқу барысында студенттік ортадағы белсенділігімен де көзге түскен.
Орталықтың хабарлауынша, ол Пенсильвания университетінде студенттік өмірге белсене араласып, студенттік ассамблеяның президенті болған. Ал 2025 жылы Меруерт Бижанованы Оксфорд университетінің докторантурасына қабылдаған. Бұл кезең оның академиялық жолындағы маңызды белес ретінде аталып отыр.
Ендігі қызметі аясында қазақстандық жас ғалым ғылыми зерттеулерін жалғастырып қана қоймай, Оксфорд университетінің оқытушылар құрамында дәріс те оқиды. Яғни, ол білім мен ғылым саласында жинаған тәжірибесін жас буынға жеткізіп, халықаралық ортада академиялық жұмысты қатар алып жүрмек. Мұндай тағайындау — қазақстандық жастардың әлемдік ғылыми кеңістікке сенімді қадам басып келе жатқанының бір көрінісі.