21 АҚПАН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АНА ТІЛІ КҮНІ
Фото: Ашық дереккөзі

21 АҚПАН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АНА ТІЛІ КҮНІ

21 ақпан – әлем жұртшылығы үшін айрықша мәні бар дата. Бұл күн – 1999 жылы ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында бекітілген Халықаралық ана тілі күні. 2000 жылдан бері дүние жүзіндегі елдерде аталып өтіп келе жатқан мерекенің басты мақсаты – тілдік әралуандылықты сақтау, әр халықтың мәдени болмысын құрметтеу және көптілділікті дамыту.

Тіл – ұлттың жаны, халықтың тарихи жадын сақтайтын рухани код. Әлемдегі мыңдаған тілдің әрқайсысы – адамзат өркениетінің баға жетпес қазынасы. Ана тілін сақтау – тек бір халықтың ғана емес, күллі адамзаттың ортақ міндеті. Себебі тіл жоғалса, сол тілмен бірге тұтас мәдениет, дүниетаным, өмір салты көмескіленеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы:
«Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп бекер айтпаған. Бұл – уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін тағылымды тұжырым. Тіл – тек қатынас құралы емес, ол – ұлттың рухани тірегі.
Қазақстан үшін бұл мерекенің орны ерекше. Себебі қазақ тілі – мемлекеттігіміздің негізі, елдігіміздің айғағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде», – деп атап өткен болатын. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі.
Бүгінде елімізде тіл саясаты кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинарлары ұйымдастырылып, судьялар, прокуратура қызметкерлері, облыстық және аудандық әкімдік мамандары арнайы бағдарламалар бойынша білім алуда. Әртүрлі деңгейге арналған курстар әзірленіп, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгеруге жан-жақты мүмкіндік жасалып отыр. Бұл – тілге деген құрметтің нақты іс жүзіндегі дәлелі.
Халықаралық ана тілі күні – тек мерекелік дата ғана емес, ойлану мен жауапкершілік күні. Ана тілін білу, оны құрметтеу, қолданыс аясын кеңейту – әр азаматтың парызы. Тілге қызмет ету – ұлтқа қызмет ету. Ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен ана тілімізге жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Тіл дегеніміз – әр адамның жаны, бар болмысы. Сондықтан ана тіліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болуы үшін жұдырықтай жұмылып, ұлттық байлығымызды асқақтатуға күш салуымыз керек.
Біздің асыл қазынамыз, сөзбен айтып жеткізуге келмейтін жауһар құндылығымыз – ол тіліміз. Ана тіліміздің аясы кеңейіп, абыройы арта берсін!


Атаева Мейрамгүл Балабайқызы
"Абай облысы Бородулиха ауданының Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының" директоры