АИТВ диагностикасы және зертханалық дәлдік
8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында отандық денсаулық сақтау жүйесінің, соның ішінде жұқпалы аурулармен күрестің сенімді іргетасын қалап жүрген мамандарға ерекше назар аудармақпыз. АИТВ-инфекциясын дер кезінде анықтау және оны ауыздықтау – аса дәлдікті талап ететін күрделі процесс. Бұл жауапты майданда зертхана мамандарының орны бөлек. Осындай білікті кәсіби мамандардың бірі – елордалық «АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК жоғары санатты дәрігер-зертханашысы әрі сапа жөніндегі менеджері Айгүл Байтөреқызы Әбенова.
Әрбір нақты диагноздың артында табанды еңбек пен толассыз ізденіс жатады. Еңбек өтілі 19 жылды құрайтын Айгүл Әбенованың кәсіби жолы – өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасудың айқын мысалы. Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын «дәрігер-биохимик» мамандығы бойынша тәмамдаған ол инфекциялық диагностиканың күрделі аналитикалық үдерістерін терең меңгерген.
Оның мансабындағы елеулі белестердің бірі – республикалық «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығындағы» қызметі. Мұнда ол инфекцияларды диагностикалау, иммуногематология және клиникалық биохимия бөлімдерінде жұмыс істей отырып, қан арқылы берілетін инфекцияларды анықтаудың қыр-сырын жетік меңгерді. Кәсіби дамуға деген ұмтылыс Айгүл Байтөреқызын АҚШ пен Нидерландтағы тағылымдамаларға жетелеп, зертханалық қызметті ұйымдастырудың халықаралық стандарттарын тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.

АИТВ статусын анықтау – кез келген адамның өмірін күрт өзгертуі мүмкін аса жауапты сәт. Сондықтан бұл бағытта қателікке жол жоқ. 2021 жылдан бастап Айгүл Байтөреқызы АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында қызмет етіп келеді. Ал 2022 жылдан бері дәрігерлік тәжірибені сапа жөніндегі менеджердің маңызды қызметімен қатар алып жүр.
Оның еңбегі елордада АИТВ-инфекциясының таралуын тежеу үшін стратегиялық маңызға ие. Маман қаланың барлық медициналық ұйымдарында АИТВ-ға экспресс-тестілеудің сапасын қатаң бақылайды. Жалған оң немесе жалған теріс нәтижелердің алдын алу, скринингтің мүлтіксіз өтуін қадағалау – тікелей осы маманның құзыретіндегі жауапкершілік. Айгүл Байтөреқызының жоғары кәсібилігінің арқасында Орталық зертханасы ішкі регламенттердің толық пакетімен қамтамасыз етіліп, СТ ISO 15189-2023 халықаралық стандартының жаңа нұсқасына көшуге толық дайындалды. Бұл – АИТВ диагностикасының сапасын әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.
Ол сапаны бақылау жүйесін жаңғыртып қана қоймай, қаладағы медицина ұйымдарының қызметкерлерін АИТВ-ға тестілеу алгоритмдері бойынша жүйелі түрде оқытады. Әріптестері оның күрделі стандарт талаптарын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіре алатын сирек қабілетін ерекше бағалайды. Дәл осы сауаттылық пен бірізділіктің нәтижесінде пациенттер антиретровирустық терапияны (АРТ) дер кезінде бастап, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алады.
Айгүл Әбенова – кәсіби жауапкершілік пен отбасылық құндылықтарды үйлестіре білген, қоғамдағы таптаурын түсініктерді бұза алған қазіргі заман әйелінің жарқын бейнесі. Ол тәрбиелеп өсірген екі перзенті 2025 жылы мемлекеттік білім грантына ие болып, елорданың маңдайалды жоғары оқу орындарына оқуға түсті.
Жұмыстағы орасан жүктемеге қарамастан, дәрігер үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі дамытуға уақыт табады: бүгінде психология бағытында екінші жоғары білім алып жүр, сондай-ақ әуесқой спорттық фрисбимен белсенді айналысады. Бай тәжірибе, басқарушылық қабілет және сарқылмас өмірлік энергия Айгүл Байтөреқызын ұжымның мақтанышына, ал АИТВ-мен күрестегі үлкен жүйенің сенімді тірегіне айналдырып отыр.