"Басқа амалымыз жоқ": Иран президенті көршілес елдерге үн қатты
Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші мемлекеттердің басшыларына үндеу жасап, аймақтағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Президенттің айтуынша, Иран әскери қақтығыстың алдын алу үшін дипломатиялық жолдарды пайдалануға тырысқан. Алайда қазіргі жағдай елді өзін қорғауға мәжбүр еткенін жеткізді.
«Достас әрі көршілес елдердің басшыларына айтарым: біз соғыстың алдын алу үшін дипломатиялық жолмен әрекет еттік. Бірақ америкалық-сионистік әскери агрессия бізге қорғанудан басқа таңдау қалдырмады», – деп жазды Масуд Пезешкиан.
Сондай-ақ ол Иран көрші мемлекеттердің егемендігін құрметтейтінін атап өтті. Оның пікірінше, Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен тыныштықты аймақ елдерінің өздері қамтамасыз етуі тиіс.
Еске сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастағаны туралы хабарланған еді. Тель-Авив бұл қадамды Тегеранның ядролық қару жасауына жол бермеу мақсатымен түсіндірген. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның әскери флоты мен қорғаныс өнеркәсібіне соққы беру жоспары бар екенін мәлімдеген.