Айгүл Сайлыбаеваның өлімінен кейін күйеуі алғаш рет сұхбат берді
Германияда 2024 жылдың жазында мәйіті табылған Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов алғаш рет жұбайының өліміне қатысы бар деген айыптауларға қатысты пікір айтты. Ол әйелінің қазасына қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.
«База» басылымына берген сұхбатында Донцов соңғы айларда өзі мен туыстары қатты қысымға ұшырап жатқанын айтты. Оның сөзінше, белгісіз адамдар қоңырау шалып, хабарлама жазып, үйіне келіп, өздерін адвокат, полиция қызметкері немесе журналист ретінде таныстырады. Олар Донцовты әйелінің өліміне кінәлап, қоқан-лоқы жасаған.
Донцовтың айтуынша, оған қарсы ресми айып тағылған жоқ. Германияда тергеу әлі жалғасып жатыр, алайда ол іздеуде емес және іс бойынша айыпталушы ретінде танылмаған.
Ол қайғылы оқиғадан кейін қызы екеуі Мәскеуге еркін кеткенін айтты. Қазір Мәскеуде жұмыс істеп жүргенін және Ресей Тергеу комитетіне сұрау бойынша жауап беруге барып тұратынын жеткізді.
Донцовтың нұсқасы бойынша, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың 4 маусымында жоғалып кеткен. Таңертең ол әйелін жұмысқа кетер алдында көрген, ал кешке үйге келген кезде пәтерде тек кішкентай қызы ғана болған. Әйелі телефон қоңырауларына жауап бермеген соң, ол полицияға жүгініп, іздеу жұмыстарына қатысқан. Әйелдің мәйіті 16 маусымда табылған.
Донцовтың айтуынша, бастапқыда Германия полициясы оны куәгер ретінде сұраған, кейінірек іс бойынша жәбірленуші ретінде танылғанын хабарлаған. 2024 жылдың күзінде пәтер жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін және көмек болмаған соң ол Германиядан кеткен.
Кейін Германия прокуратурасынан тергеу басқа бір күдіктіге қатысты жалғасып жатқаны туралы хат алғанын айтты. Донцов ол адамды танымайтынын мәлімдеді.
Сонымен бірге Донцов Қазақстанда өзіне қатысты «азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Оның сөзінше, бұл іс марқұм Айгүлдің туыстарының көрсетулері негізінде қозғалған және ол мұны қолдан жасалған деп есептейді. Донцов әйеліне ешқашан күш көрсетпегенін алға тартты.
Ал Айгүл Сайлыбаеваның туыстары мен қорғаушылары басқа нұсқаны айтып отыр. Олардың пікірінше, Германиядағы тергеуде негізгі күдіктілердің бірі — Айгүлдің енесі Наталья Донцова болуы мүмкін.
Марқұмның жақындары отбасы ішінде жиі жанжал болғанын да айтады. Олардың сөзінше, Айгүл мен күйеуі және енесі арасында үнемі ауыр кикілжіңдер болып тұрған.
Қазіргі уақытта әйелдің өліміне қатысты тергеу жалғасуда. Германия құқық қорғау органдары іс бойынша толық мәлімет жариялаған жоқ.