Бектенов әкімдерге бір апта ішінде қауіпті елді мекендерді аралап шығуды тапсырды

Бүгін, 17:42 / Ерлан Айқынұлы
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде өңірдегі су тасқынына қатысты ахуалды көріп, мемлекеттік органдар басшылары мен бірқатар облыс әкімдерінің қатысуымен Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында Президент тапсырмалары аясында тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының үздіксіз жұмысы, алдын алу және жедел әрекет ету шаралары талқыланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Олжас Бектенов Көкшетаудағы жеке секторды су басу қаупін азайту үшін Қылшақты өзенін тереңдетіп, арнасын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. 2024 жылғы тасқыннан кейін әкімдік «ҚазЦинк» компаниясының қолдауымен жағалауды және өзен түбін нығайтып, каналдың өткізу қабілетін секундына 136 текше метрге дейін жеткізген. Ұқсас жұмыстар Шағалалы өзенінде де жүргізілгені айтылды. Ресми мәліметке сүйенсек, 2025 жылғы көктемгі кезеңде бұл шешімдердің тиімділігі байқалған.

Ақмола облысында биыл су тасқынына қарсы шаралар 163 елді мекен мен 32 жол учаскесін қамтыған. Жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын Қалқұтан, Нұра, Есіл, Чаглинка және Жабай өзендерінің арналарын тазарту мен тереңдету аяқталып, 17 гидротехникалық құрылыс қалпына келтіріліп, күшейтілген.

Республикалық штаб отырысында Премьер-министр жағдайды күрделендіруі ықтимал факторларға тоқталды: қалың қар, күзгі жауыннан кейінгі жер бетінің мұз болып қатып қалуы, топырақ қабатындағы терең тоң. Сонымен бірге кей өңірлерде дайындық толық аяқталмағаны айтылып, өзен түбін тереңдету, жағалауды бекіту жұмыстарының созылып кеткені және елді мекендерден қар шығарудың жеткіліксіз деңгейде жүргені сынға алынды. Олжас Бектенов әкімдерге «кез келген сценарийге дайын болуды» тапсырып, бір апта ішінде тәуекелі жоғары елді мекендерді аралап, нақты шара қабылдауды міндеттеді.

2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөнінде Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, Төтенше жағдайлар министрлері баяндама жасады. Сондай-ақ Көлік пен Жасанды интеллект және цифрлық даму бағытындағы вице-министрлер ақпарат берді. Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалып, болжамдарға сәйкес бұл өңірлерде су басу қаупі сақталып отырғаны айтылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазгидрометтің болжамын жеткізді: наурыз және сәуір айлары жылы болып, орташа температура нормадан 1°С жоғары, ал жауын-шашын елдің басым бөлігінде нормадан көп болады деп күтіледі. Қауіптің бар екені Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстаннан бөлек, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы, Ұлытау және Жетісу облыстарында да аталды. Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында тәуекел төмен деп бағаланған.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елде 1395 гидротехникалық құрылыс барын, оңтүстіктегі су қоймалары су жинау режиміне көшкенін, ал солтүстік, батыс, орталық және шығыстағы нысандар жоспарлы режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Су тасқыны кезеңінде 166 шақырымнан астам өзен арналарын қамтыған іс-шаралар жүргізілген.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің мәліметінше, ТЖМ жедел штабы 1 наурыздан бастап тәулік бойы мониторинг жасап отыр. Ел бойынша су басу қаупі бар 1242 елді мекен анықталған. Ықтимал төтенше жағдайларға ден қою үшін 39 мыңнан астам адамнан тұратын күштер мен құралдар топтастырылып, 18 мыңнан астам техника мен арнайы құрал дайындалған. Өткен жылы материалдық-техникалық базаны күшейту аясында 842 бірлік арнайы техника, 27 қайық пен катер, 4 ұшақ және өзге де жабдықтар алынғаны айтылды. Сонымен қатар 830 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен бөгендер салынған, 1128 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп/жаңадан тартылған, автомобиль және теміржол бойларында 934 су өткізу нысаны орнатылған немесе ауыстырылған.

Жиында қауіпсіздік мәселелері бөлек қаралды. Премьер-министр Щучинск пен Семей қалаларындағы оқиғаларды ескеріп, алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. ТЖ министрі екі жағдай бойынша қылмыстық істер қозғалғанын, сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Щучинскіде қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілген. Алдын ала қорытынды бойынша жарылыстың себебі тұрмыстық газ баллондарын пайдалану ережелерінің бұзылуымен байланыстырылды. Семейдегі балалар ойын-сауық орталығындағы өрт кезінде адам шығыны болмағаны, өрттің тез тоқтатылғаны айтылып, әкімдіктермен бірге өрт қауіпсіздігін күшейту, профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков Tasqyn жүйесінде тәуекелдерді модельдеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Ресми дерек бойынша, өткен жылы жүйенің болжамдық мәліметтерінің сәйкес келуі орта есеппен 75% болған. Биыл Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Абай облыстарындағы 31 елді мекенде су тасқыны қаупі байқалатыны көрсетілген, алдын алу үшін бұл деректер өңір әкімдіктеріне жолданады.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров су тасқыны қаупі бар автожол учаскелері бақылауда екенін айтып, күнделікті тексеріс жүргізіліп жатқанын, 2,5 мыңнан астам техника бекітілгенін жеткізді. Дайындалған инертті материалдар қатарында 40 мың м³ ірі кесек тас, 15 мың м³ құм, 5 мың м³ қиыршық тас бар. Тасқын суын өткізу үшін 45 мың су өткізгіш құбырды тазарту жұмыстары жүріп жатқаны, 2025 жылы 580-нен астам жаңа су өткізу құбыры орнатылғаны және Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында 5 апатты көпір жөнделгені айтылды.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі бар бес өңірде — Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында мұз қабатының қалыңдығы 4 см-ге дейін жетіп, топырақтың 2 метрге дейін қатуы байқалатынын мәлімдеді.

Отырыстың қорытындысында Премьер-министр ведомстволарға нақты тапсырмалар жүктеді: Экология министрлігі күн сайын гидрологиялық мониторинг пен ауа райы болжамын қамтамасыз етіп, дауылды ескертулерді шұғыл жеткізуі тиіс; Tasqyn жүйесінің әлеуетін белсенді қолдану тапсырылып, әр әкім модельдеу нәтижелеріне ерекше мән беруі керектігі ескертілді; Су ресурстары министрлігі су қоймаларын тұрақты бақылап, қажет болған жағдайда алдын ала әрі қауіпсіз су жіберуді ұйымдастыруы және шекаралас елдермен трансшекаралық су айдындары бойынша дерек алмасуды жолға қоюы қажет; Көлік министрлігі жолдар, көпірлер мен су өткізу нысандарының жай-күйін тәулік бойы бақылауға алуы тиіс. Өңір әкімдіктеріне қарды алдын ала шығару, елді мекендердің айналасын бөгендермен бекіту, азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек қорын дайындау, қажет болса мұз жару жұмыстарын жүргізу міндеттелді. ТЖМ-ге күштер мен құралдардың жедел әзірлігін қамтамасыз ету, әуе арқылы тасымалдау алгоритмін жаңарту, ІІМ-мен бірге эвакуация мәселесін пысықтау және эвакуациялық бекеттердің дайындығын тексеру тапсырылды. Үйлестіру жұмысы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Жиын барысында Премьер-министрге «Қазақтелекоммен» бірлескен «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» жобасы да таныстырылды. Атбасар ауданының мысалында дрондар су деңгейін және қорғаныс нысандарының жай-күйін қашықтан бақылап, жедел штабтарға ақпаратты жылдам жеткізуге мүмкіндік беретіні көрсетілген. Бұл жүйе Ақмола облысының аудан орталықтары мен қалаларында енгізілгені, сондай-ақ дрондар арқылы ТКШ қауіпсіздігі, санитарлық ахуал, ауыл шаруашылығы алқаптары бақыланып, өрт, заңсыз қоқыс полигондары мен құрылыс секілді тәуекелдерді ертерек анықтауға сеп болатыны айтылды.

Тэгтер:

Олжас Бектенов Ақмола облысы су тасқыны Tasqyn жүйесі төтенше жағдайлар