"Мені алдап кетті": Қырғызстан президенті түрмеден тікұшақпен кеткен Ажиев туралы айтты
Фото: видеодан кадр/ коллаж Anyqtime.kz

"Мені алдап кетті": Қырғызстан президенті түрмеден тікұшақпен кеткен Ажиев туралы айтты

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сотталған Даниэль Ажиевтің түзету колониясынан тікұшақпен кеткеніне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Anyqtime.kz ақпарат порталы 24.kg порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, Даниэль Ажиев бұған дейін заңсыз вебкам-студиялар желісін ұйымдастырғаны үшін сотталған. Кейінірек ол президенттің рақымшылығының арқасында бостандыққа шыққан. Алайда әлеуметтік желілерде оның сән-салтанатқа толы өмірін көрсетіп, байлығымен мақтанып жүрген видеолары тараған соң қоғамда үлкен сынға ұшырады.

Садыр Жапаровтың айтуынша, сотталған адамды кешіру туралы өтінішпен оған Ажиевтің анасы жүгінген. Ол WhatsApp арқылы бейнеүндеу жолдап, ұлына рақымшылық жасауды сұраған.

«Ол “Келінім төрт баламен өте қиын өмір сүріп жатыр, бір баласы мүгедек. Біздің жағдайымыз мүлде ауыр. Өтінемін, ұлымды кешіріп, босатыңыз. Ұлым бұдан былай тәртіпті өмір сүреді, мен оған кепіл боламын” деді. Мен сеніп, рақымшылық бердім», – деді президент.

Жапаров сол күні тек Ажиевке ғана емес, тағы бірнеше сотталған адамға кешірім жасалғанын атап өтті.

«Сол күні мен ауыр емес қылмыс жасаған 75 сотталған адамға рақымшылық жасадым», – деді ол.

Сонымен қатар президент Ажиевтің колониядан тікұшақпен ұшып кеткені туралы ақпаратқа да тоқталды. Оның айтуынша, бұл деректі білгеннен кейін тікұшақты дереу кері қайтаруды тапсырған.

«Оның тікұшақпен ұшып кеткені рас. Бірақ 15 минуттан кейін тікұшақ қайта шақыртылып, бастапқы орнына қондырылды», – деді Жапаров.

Президент бұл жағдайға Төтенше жағдайлар министрлігінің қатысы жоқ екенін де айтты. Оның сөзінше, ведомствоның тікұшақтары қызметтік міндеттермен қатар ақылы коммерциялық рейстер де орындай алады.

«Кім төлем жасап, тапсырыс берсе, сол адамға тікұшақ қызмет көрсетеді. Онда тек қону орны, ұшу уақыты және жолаушылар саны көрсетіледі. Сондықтан министрлікті айыптаудың қажеті жоқ», – деді ол.

Жапаров Ажиевтің бостандыққа шыққаннан кейінгі әрекетіне өзі де таң қалғанын жасырмады.

«Анасы жылап, жағдайымыз өте қиын деді. Ал ұлы түрмеден шыққан соң тікұшақ жалдап жүр. Сол кезде мені алдап кеткен екен деп ойладым. Көп адам менің мейірімділігімді пайдаланып кетеді. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды», – деді Қырғызстан президенті.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде түзету колониясы маңынан тікұшақ ұшып шыққан сәттің видеосы тараған. Даниэль Ажиев 2024 жылдың күзінде тоғыз жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленген болатын. Ол жезөкшелік орындарын ұйымдастырғаны, порнография таратқаны және мүліктік зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылған. Сонымен қатар оған екі жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынған.