Қасым-Жомарт Тоқаев Қызыл крест басшысымен не туралы сөйлесті?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Қызыл крест комитетінің президенті Мирьяна Споляричпен кездесіп, гуманитарлық көмек мәселесін және халықаралық құқықты сақтау тақырыбын талқылады. Кездесуде Мемлекет басшысы гуманитарлық көмекті ешқашан саяси мүддеге айналдыруға болмайтынын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Қызыл крест комитетінің әлемдік гуманитарлық жүйедегі орнына тоқталды. Президент бұл ұйымның бейтарап мандатпен жұмыс істейтінін айтып, оның халықаралық құқық нормаларын нығайтудағы еңбегін жоғары бағалады.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қызыл крест секілді беделді халықаралық құрылымдар адамзатқа ортақ құндылықтарды ілгерілетіп келеді. Әсіресе, соғыс, қақтығыс және гуманитарлық дағдарыс аймақтарында мұндай жұмыстың маңызы тіпті арта түседі.

Кездесу кезінде Қазақстанның халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейтуге бағытталған жаһандық бастамаға қатысып отырған алты елдің бірі екені де айтылды. Сондай-ақ жыл соңына қарай Иорданияда өтетін, соғыс кезіндегі адамгершілік мәселесіне арналған жоғары деңгейдегі конференцияға дайындық барысы сөз болды.
Өз кезегінде Мирьяна Сполярич Қазақстанға Халықаралық Қызыл крест комитетінің жұмысына қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Оның айтуынша, Қазақстан мен ұйым арасындағы өзара сенімге негізделген байланыс 1990-жылдардан бері тұрақты түрде дамып келеді.

ХҚКК президенті Женева конвенциясына көптеген мемлекет қосылғанымен, оның шынайы ықпалы сол нормаларды елдердің қаншалықты қорғап, қолдауға дайын екеніне байланысты екенін жеткізді.
Кездесу соңында тараптар халықаралық және гуманитарлық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан мен Халықаралық Қызыл крест комитеті арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.