Наурызда қазақстандықтар қанша күн демалады
2026 жылдың наурыз айы қазақстандықтар үшін демалысқа толы болмақ. Көктемнің алғашқы айында елде екі бірдей мемлекеттік мереке аталып өтетіндіктен, жалпы демалыс күндерінің саны айтарлықтай көбейеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат порталы.
Қазақстанда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, ал 21-23 наурыз аралығы Наурыз мейрамы ретінде ресми мереке саналады. Заңға сәйкес, мемлекеттік мереке күндері демалыс күні болып есептеледі.
2026 жылы 8 наурыз жексенбіге түсіп тұрғандықтан, оның орнына қосымша демалыс 9 наурыз, дүйсенбіге ауыстырылады. Осылайша, наурыздың басында тұрғындар қатарынан бірнеше күн тыныға алады.
Ал Наурыз мейрамына келсек, ол дәстүрлі түрде 21, 22 және 23 наурыз күндері тойланады. Биыл 21 наурыз сенбіге, 22 наурыз жексенбіге сәйкес келіп отыр. Осыған байланысты демалыс күндері келесі жұмыс күндеріне ауыстырылып, қазақстандықтар 21 наурыздан 25 наурызға дейін бес күн қатарынан демалады.
Жалпы есеп бойынша, бескүндік жұмыс кестесімен істейтін азаматтар наурыз айында 13 күн демалып, 18 күн жұмыс істейді. Ал алтыкүндік жұмыс аптасымен еңбек ететіндер үшін 9 күн демалыс, 22 күн жұмыс күні болады.
Бұдан бөлек, наурыз айында түрлі кәсіби мерекелер де бар. Олар ресми демалыс күндері болып саналмаса да, белгілі бір саланың мамандары үшін ерекше дата ретінде аталып өтеді. Бұл мерекелер Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен 2023 жылғы 17 қарашадағы №480 бұйрық негізінде жарияланған.