Жаңа Конституция ресми түрде қабылданды: референдумның соңғы қорытындысы жарияланды

Бүгін, 13:23 / Ерлан Айқынұлы
Фото: zakon.kz

Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша өткен республикалық референдумның түпкілікті нәтижесі белгілі болды. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге қатысқан азаматтардың басым бөлігі жаңа Ата заң жобасын қолдаған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Ресми дерекке сәйкес, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы саны 12 482 613 болған. Соның ішінде 9 127 192 адам дауыс беріп, қатысу көрсеткіші 73,12 пайызға жетті. Жаңа Конституцияны қолдап 7 954 667 азамат немесе дауыс бергендердің 87,15 пайызы таңдау жасаған. Ал 898 099 адам қарсы дауыс берсе, 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған.

Орталық референдум комиссиясы осы көрсеткіштерге сүйене отырып, референдум өтті деп есептелетінін мәлімдеді. Сонымен қатар комиссия облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс бергендердің жартысынан астамы оң шешім қабылдағандықтан, жаңа Конституция қабылданды деп таныды.

Осылайша, 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық дауыс беру елдің саяси-құқықтық жүйесіндегі жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституцияны қолдағандар үлесі алдын ала жарияланған нәтижемен сәйкес келді.

Тэгтер:

Қазақстан жаңа Конституция референдум Орталық референдум комиссиясы дауыс беру