Депутат Базарбек: Сара Алпысқызына қатысты жағдайды құпия ұстаудың не қажеті бар?
Коллаж: Anyqtime.kz

Депутат Базарбек: Сара Алпысқызына қатысты жағдайды құпия ұстаудың не қажеті бар?

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желілерде тараған Сара Алпысқызы Назарбаеваның қайтыс болды деген ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, бұл оқиғаның төңірегінде ашықтықтың болмауына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ertenmedia порталына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қоғамда бұрынғы президенттің жұбайы туралы әртүрлі әңгімелер мен болжамдардың таралуына ресми орындардың нақты мәлімет бермеуі себеп болып отыр.

«Қарапайым азамат болсын, танымал тұлға болсын – бәріміз адамбыз. Егер адам қайтыс болса, оны ашық түрде хабарлауымыз керек. Ал тірі болса, халық алдында сөйлеуі тиіс. Бұл неге құпия болып отыр? Неліктен құзырлы органдар нақты жауап бермейді?» – деді ол Мәжіліс кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.

Депутат ақпараттың бұлыңғыр болып отырғанына сырттан ықпал етіп отырған күштер болуы мүмкін деген де болжам айтты.

«Қоғам шындықты білуге құқылы. Ал оны әдейі жасыру әрекеттері түсініксіз. Егер Сара Алпысқызы тірі болса, соны ресми түрде растау қиын емес. Егер бақилық болса, оны да заңды тұрғыда бекітіп, жұртқа жеткізу қажет», – деп атап өтті Базарбек.

2025 жылдың мамыр айының ортасында экс-президенттің жарының көз жұмғаны жайлы хабарлар тараған болатын. Кейбір деректерге сенсек, ол «Совминка» деп аталатын Ұлттық госпитальде өкпені жасанды желдету құрылғысынан ажыратылған соң қайтыс болған.

Бірақ көп ұзамай бұл ақпаратты ресми тұлғалар жоққа шығарды. Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Алпысқызының тірі екенін және ем алып жатқанын мәлімдеді. Медициналық мекеме де осы мәліметті қуаттағанымен, денсаулық жағдайы туралы толық ақпарат беруден бас тартты.

Алайда Шамалғандағы отбасылық зиратта жаңа жерлеу орны пайда болды деген әңгімелердің тарауы қоғамдағы күдікті одан сайын күшейтті. Бұл да ресми растауға ие болған жоқ.