Ақордада Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті. Рәсім барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға және оны іске асыру шаралары туралы арнайы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Салтанатты шараға елдің жоғары лауазымды тұлғалары түгелге жуық қатысты. Олардың қатарында Премьер-министр Олжас Бектенов, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік орган жетекшілері, облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қалалардың басшылары болды.
Жиынға бұдан бөлек Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері де қатысып, елдің саяси өміріндегі маңызды оқиғаның куәсі болды. Осы рәсімнен кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.
Рәсімнің ресми бөлігінде Құрмет қарауылы жаңа Конституцияны салтанатты түрде ортаға алып шығып, кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Бұл сәт жаңа құжаттың саяси және тарихи мәнін айқындай түсті.
Іс-шара соңында Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров республикалық референдумның қорытындысын жариялады. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңызын атап өтті.